Жамбылда жетім және ерекше қажеттілігі бар студенттерге тиесілі көмек берілмеген
Жамбыл облысының Байзақ ауданында жүргізілген прокурорлық тексеру барысында колледжде білім алып жүрген әлеуметтік осал санаттағы студенттердің құқықтары бұзылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, жеті жетім және ерекше қажеттілігі бар бір студентке мемлекет кепілдік берген бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары уақытында көрсетілмеген. Атап айтқанда, оларға демалыс кезеңіне арналған жолдамалар берілмей, жол ақысы мен тәуліктік шығындары өтелмеген. Сонымен қатар заңда қарастырылған киім-кешекпен қамтамасыз ету немесе оның орнына төленетін біржолғы әлеуметтік көмекте берілмеген.
Аталған деректер анықталғаннан кейін прокуратура колледж әкімшілігіне тиісті қадағалау актісін енгізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде студенттерге тиесілі барлық әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер толық көлемде рәсімделіп, берілді.
Прокуратура әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтарының сақталуын бақылау алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар