Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі ұсталғаны хабарланды
Ақтауда Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі, қазіргі Қарақия ауданының әкімі Жансейт Қайнарбаев ұсталғаны хабарланды. Онымен бірге Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов те қылмыстық іске қатысы бар деген күдікке ілінген. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналистің мәліметінше, қылмыстық іс «алдын ала сөз байласқан адамдар тобының адам ұрлауы» дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Дереккөздің айтуынша, Ақтауда Қайнарбаев пен оның таныстарының бірі арасында шиеленісті кездесу болған. Кездесу кезінде әлгі адам кетпек болған, бірақ оны Lexus 600 автокөлігінде күштеп ұстаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Қайнарбаевқа Манарбек Бисекенов өз адамдарымен бірге көмектескен болуы мүмкін.
Кейін жәбірленушіні қала сыртына алып шықпақ болған. Алайда жолда 8 адамнан тұратын топты жергілікті ҰҚК департаментінің қызметкерлері ұстаған. Осыдан кейін Қайнарбаев пен Бисекенов те ұсталған.
42 жастағы Жансейт Қайнарбаев Маңғыстау облысында бірнеше басшылық қызмет атқарған. Ол 2024 жылдың басынан Жаңаөзен қаласының әкімі болған. Ал 2026 жылғы қыркүйекте Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі қызметіне ауысқан.
46 жастағы Манарбек Бисекенов Самбо федерациясында жоғары лауазым атқарумен қатар, облыстағы түрлі спорт ұйымдарын басқарған. Ол әлі күнге дейін спорттық жарыстарға қатысып жүрген.
Әзірге бұл іске қатысты мәлімет аз. Politico.kz ақпараттың мән-жайын анықтау үшін құзырлы органға ресми сауал жолдады.
Соңғы жаңалықтар