Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпионы атағынан бас тартты

21.07.2026 12:05 Әсел МҰРАТ
Жәнібек Әлімханұлы WBO чемпионы атағынан бас тартты
353
Фото: ашық дереккөз

Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO әлем чемпионы белбеуінен бас тартты, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол екінші орта салмақ дәрежесіне ауысу туралы шешім қабылдаған.

Бұл туралы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы Instagram парақшасында өзі растады.

«Орта салмақты біраз шулатып, екі бірдей әлем чемпионы титулын иелендік! Qazaq style-ды осы салмақта әлемдік аренаға алып шықтық. Орта салмақ боксшыларының түнгі қорқынышы атандық. Талай қызықтар мен қиындықтарды, қуаныштар мен сәтсіздіктерді де осы салмақта бастан өткердік. Осы салмақта әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбіреттік! Жанкүйерлерге естен кетпес өнер көрсетіп, жарқын нокауттар сыйладық.

Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз. Осы салмақта біраз атақты боксшылар бар. Менің салмағымда болғандар қазір осы суперорта салмақта өнер көрсетіп, чемпион атануда. Соларды біраз қинайық. Бұл шешімді Америкадағы командамызбен, промоутер және менеджермен ақылдаса отырып, мақсат қоя қабылдадық.

Бұрыннан айтып жүретініміздей, бұйырса, біз 3-4 салмақтың чемпионы боламыз! Ал жанкүйерлер, суперорта салмаққа қош келдік!», – деп жазды боксшы.

Осылайша, Жәнібек орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінен бас тартады. Аталған атақ уақытша чемпион Дензел Бентлиге өтуі мүмкін.

Екінші орта салмақта WBO белбеуін Хамза Шираз иеленіп отыр. Ұйым ережесіне сәйкес, келесі салмаққа көтерілген чемпион бірден титулдық жекпе-жек өткізуге үміткер бола алады. Сондықтан алдағы уақытта Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираздың кездесуі өтуі ықтимал.

Айта кететін жайт, 33 жастағы Жәнібек Әлімханұлы қазір допинг дауына байланысты спорттан уақытша шеттетілген. Оның қанынан тыйым салынған зат табылған болатын. Соған қарамастан, спортшы жекпе-жектерге дайындығын бастап кетті.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий