Жәнібектің биологиялық анасы болуы мүмкін әйел туралы тың дерек шықты

20.06.2026 17:25 Қарақат АСЫЛОВА
Жәнібектің биологиялық анасы болуы мүмкін әйел туралы тың дерек шықты
230
Шетелге асырап алынған қазақ баласына қатысты жаңа құпия ашылды

Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдік отбасы асырап алған Жәнібекке (Jani Saveliev) қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Dalanews.kz редакциясына жолданған хатта Жәнібектің биологиялық анасы болуы мүмкін әйел туралы деректер келтірілген. Хат авторының айтуынша, бұл ақпарат Жәнібектің бұған дейін жарияланған өмірбаяндық мәліметтерімен сәйкес келеді.

Берілген мәліметке сәйкес, күдікке ілінген әйел 2002 жылы Моңғолиядан Арқалық қаласына оқуға келген. Сол кезде жүкті болған ол бұл жағдайды ата-анасынан жасырып, босанғаннан кейін перзентханада арнайы қолхат жазып, сәбиінен бас тартқан көрінеді.

Хат авторы аталған әйелдің өзінің қайын әпкесі екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, сол кезде дүниеге келген баланың Жәнібек болуы мүмкін деген күдік бар. Бұған олардың туған күндерінің сәйкес келуі себеп болған.

Сонымен қатар, автор Жәнібектің сырт келбеті де қайын әпкесіне қатты ұқсайтынын атап өткен. Бұл жайт күдікті одан әрі күшейте түскен.

Хатта айтылғандай, күдік тудырған әйел ДНҚ сараптамасын тапсырып, Жәнібекпен туыстық байланысының бар-жоғын анықтауға ниетті.

Әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан нақты қорытынды тек генетикалық сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болуы мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий