"Жақ сүйегі мен мұрны сынған, миы шайқалған": Қызылорданың мектеп дәретханасында жасөспірімді соққыға жықты

Қызылорда тұрғыны ұлы мектеп дәретханасында соққығы жығылғанын мәлімдеді. 10-сынып оқушысының жақ сүйегі мен мұрны сынған, миы шайқалған. Қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды POLITICO.KZ
Оқиғаның қалай болғаны туралы ақпаратты алғаш болып Telegram желісіндегі Halyqstan арнасы жариялады. Онда жанжал Қызылордадағы орта мектептердің бірінде болғаны айтылған.
10-сынып оқушысына 8 қазанда таңертең мектеп дәретханасында шабуыл жасалған. Оқиғаға дейін ол басқа сыныптағы қызбен чатта хабарлама алмасу барысында сөзге келіспей қалған.
"Нәтижесінде қыздың сыныптасы баланы мектеп дәретханасына төбелеске шақырған, өзімен бірге бір топ баланы ертіп келген. Сөйтіп барлығы бір балаға жабылған. Дәретхана бөлмесінің есігін жауып тұрғандар, оқиғаны видеоға түсіргендер де болды", - делінген жазбада.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, баланың жақ сүйегі екі жерінен сынған, мұрны сынған, миы шайқалған. Хирург баланың анық соққыға жығылғанын айтқан. Анасы дереу полиция шақырған.
10-сынып оқушысының жақ сүйегіне ота жасалды, тісі уақытша бекітілген, балада сонда да ауырсыну сезімі бар көрінеді.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдерінің хабарлауынша, бір топ адам жасаған бұзақылыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр.
"Барлық кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Сондай-ақ олардың заңды өкілдері бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады", - деп атап өтті департаменттегілер.
Полиция департаментінің басшылығы қылмыстық істі тергеуді ерекше бақылауға алды.
Соңғы жаңалықтар





