Жарқынай Ханайымға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді

Актриса Жарқынай Ханайым мәдениет және өнер саласындағы еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Бұл туралы өнер иесі өзінің Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 16 мамырдағы жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алдым. Бұл атақты маған білімін берген, еңбегін сіңірген ұстаздарымның ақталған еңбегі деп білемін», – деп жазды актриса.
Жарқынай бұл марапатты өнер жолында одан әрі еңбек етуге үлкен шабыт деп қабылдайтынын жеткізді.
«Өздерінен оздырып, мен сахнаға шыққанда тақымын қысқан ұстаздарыма алғысымды білдіремін. Осы сенімді ақтау үшін бар күшімді саламын», – деді ол.
Желі қолданушылары актрисаның жетістігіне ортақтасып, құттықтауларын жаудырып жатыр.
Айта кетейік, 20 мамырда Мемлекет басшысының жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар мәдениет және өнер қайраткері мемлекеттік марапаттарға ие болды. Олардың қатарында әнші Әлішер Каримов та бар.
Соңғы жаңалықтар





