Жезқазған әкімі қызметінен кетті

17.09.2026 08:44 Әсел МҰРАТ
Жезқазған әкімі қызметінен кетті
273
Фото: instagram/kairatsh_08

Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласының әкімі қызметіндегі өкілеттігін тоқтатты, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол қызметтен кеткенін Instagram парақшасында жазды. Алайда отставкасының нақты себебін айтқан жоқ. 

«Бүгін мен үшін ерекше толқынысты күн. Қала әкімі лауазымындағы қызметімді аяқтап, сіздермен қоштасатын сәт те келіп жетті. Төрт жыл ішінде сіздермен бірге қаланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, туған қаламыздың дамуы үшін шамамыз келгенше еңбек еттік. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе болды. Осы уақыт ішінде талай мәселені бірге көтердік, талай бастаманы бірге жүзеге асырдық. Әрбір кездесудің, әрбір ұсыныс пен пікірдің мен үшін өз орны бар. Қолдаған жерлеріңізде қанаттанып, сынаған жерлеріңізде шыңдала түстім», – деп жазды ол.

Экс-әкім қала тұрғындарына қолдауы үшін алғыс білдірді.

«Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен барша Жезқазғандықтарға шын жүректен алғыс айтамын. Қуанышты сәттерде бірге қуанып, қиындықта бірге шешім іздеген күндер жадымда мәңгі сақталады. Мен үшін Жезқазған – жай ғана қызмет атқарған қала емес. Бұл – тағдырыммен, еңбегіммен, естеліктеріммен байланысқан туған жер. Қызмет аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен ақ тілегім ешқашан аяқталмайды», - деп сөзін түйіндеді экс-әкім.

Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласының әкімі қызметіне 2022 жылдың маусымында тағайындалған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий