"Жілігін шағып, майын ішкен". Ерлан Қариннің жаңа қызметі туралы сарапшылар не дейді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 тамыз күні Вице-президентті тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстанның Вице-президенті лауазымына Ерлан Қарин келді. Вице-президент Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президенттің атынан өкілдік етеді. Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, оның міндеттері Вице-президентке жүктеледі. Мамандардың бағалауынша, бұл кадрлық шешім — саяси реформалардың заңды жалғасы әрі мемлекеттік аппараттың сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды қадам. Саясаттанушылар жаңа институционалдық құрылымның мәні мен Вице-президентке жүктелетін негізгі міндеттерге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Вице-президенттің лауазымы көбінесе сыртқы саясатты емес, ішкі саясат бағытын қамтитын болады»
ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және өнертану институты Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының басшысы Айдар Молдашұлы Әмребаев тағайындаудың негізгі себептеріне тоқталды. Ол ұсынылған кандидатураның мемлекеттік жүйедегі көпжылдық кәсіби тәжірибесіне ерекше назар аударды. Сарапшы бұл шешімнің саяси реформалардың қисынды жалғасы екенін атап өтті.
«Сарапшылардың ішінде де біз осы кандидатураға тоқталамыз. Неге десеңіз, өткен жылдары Ерлан Тынымбайұлы Қарин Президенттің жанында жұмыс істеп, «Әділетті Қазақстанның» идеологиялық, әлеуметтік, мәдени салаларында, сондай-ақ жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру бағытындағы бастамалардың басы-қасында жүрген тұлға. Ол — кәсіби деңгейі жоғары, білікті саясаткер. Сондықтан бұл кандидатура өте орынды, өз орнына сай келетін азамат. Мұнымен қатар, өткен жылы Ата заңымызды әзірлегенде Ерлан Тынымбайұлы осы бастаманы өзі басқарып, әрбір бапты талқылауға тікелей қатысты. Комиссия құрып, оның жұмыс сапасын бақылады. Сонымен бірге басқа да өзекті, беделді бағдарламалардың басында жүрді. Сондықтан Президенттің шешімі өте орынды әрі дұрыс», — деді Айдар Молдашұлы.

Сарапшы жаңадан енгізіліп отырған лауазымның негізгі өкілеттіктеріне де жан-жақты тоқтала кетті. Оның айтуынша, бұл қызмет көбінесе ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар жасанды интеллект, цифрландыру және адам құқықтары сияқты стратегиялық міндеттерді бақылау да осы жауапкершілікке жүктеледі.
«Вице-президенттің лауазымы көбінесе сыртқы саясатты емес, ішкі саясат бағытын қамтитын болады. Ең басты бағыты мен шешетін мәселесі — жаңа Ата заңымыздың тармақтарын жүзеге асыру. Оның ішінде адам құқықтары, экологиялық мәселелер, цифрландыру, ғылым және технология саласы сияқты үлкен міндеттер тұр. Президентіміз цифрландыру және жасанды интеллект жөнінде бірталай тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаларды бақылау және жүзеге асыру — Вице-президенттің жауапкершілігінде. Әрине, кезінде Ұлттық құрылтайды ұйымдастырудың басында болғандықтан, осы мәселелерді соңына дейін жеткізу де осы саясаткердің мойнында», — деді сарапшы.
Айдар Әмребаев еліміздегі саяси процестердің жаңа сапалық кезеңге өтіп жатқанын меңзеді. Ол мемлекеттік басқарудың жеке азаматтарға емес, институционалдық жүйеге сүйенетін моделі қалыптасып келе жатқанын алға тартты. Осы орайда Ұлттық құрылтай мен Вице-президент институтының өзара үйлесімді жұмысы ерекше мәнге ие болады.
«Кезінде, бұрынғы Президенттің тұсында біз көбінесе жеке тұлғаларға сенетінбіз. «Билікке жаңа адам келгенде оның ұстанымы қандай болады?» деген ойда жүріп, мемлекетіміз тұрақтылық жағынан жан-жақтан келетін қауіптерге ашық болып қалатын. Ал қазіргі ерекшелік — біздің қоғам жеке тұлғаларға емес, институционалдық кеңістікке және институционалдық өзгерістерге көшеді. Сондықтан осы тұрғыдан алғанда, Вице-президент институтының және Ұлттық құрылтайдың орны бөлек. Ал Ұлттық құрылтайдың төрағасы Айбек Дәдебайға келетін болсақ, ол да өте мемлекетшіл адам, Президент Әкімшілігінде көп жұмыс істеген, Мемлекет басшысының жанында жүріп, оның ой-пікірлері мен стратегиясын терең түсінетін білікті маман», — деді Айдар Әмребаев.
«Ешбір олигархиялық топтың соңынан кеткен емес»
Саяси шолушы Ғазиз Серікұлы Әбішев бұл кадрлық шешімге қатысты өз сараптамалық пікірін білдірді. Ол кандидатураны Мемлекет басшысының стратегиялық әрі сенімді таңдауы ретінде сипаттады. Сондай-ақ сарапшы кандидаттың түрлі саяси топтармен жұмыс істеудегі дербестігін атап өтті.
«Ерлан Қарин Президент Тоқаевтың жанында жұмыс істеген соңғы жылдары өзін сыналған, сенімді кадр ретінде көрсетті. Ол Мемлекет басшысының негізгі тапсырмаларын бұлжытпай орындап қана қоймай, жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда өзіндік дербестік те таныта біледі. Сондықтан Президент Тоқаев әртүрлі саяси күшпен, Ұлттық құрылтаймен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара тығыз жұмыс істеуді оған толық сеніп тапсырады деп ойлаймын. Екіншіден, Ерлан Қарин ешқашан қандай да бір олигархиялық топтардың соңында кеткен емес. Ол — партияда жұмыс істеп, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын басқарған, үлкен мектептен өткен нағыз мемлекетшіл тұлға. Саяси талдау мен мемлекеттік басқару тұрғысынан алғанда, ол — елдегі ең білікті саясаткерлердің бірі. Сонымен қатар, 50 жас — тәжірибесі толысқан, күш-жігері де тасып тұрған шақ», — деді Ғазиз Серікұлы.

Сарапшы кандидаттың кәсіби даярлығы мен мемлекеттік аппараттағы жұмыс тәжірибесіне жеке тоқталды. Ол кандидаттың ішкі саясаттың қыр-сырын, тілдік және халықаралық ресурстарды меңгеру деңгейін тілге тиек етті. Сондықтан бұл салаға бейімделу үшін қосымша уақыттың талап етілмейтінін білдірді.
«Үшіншіден, Мемлекет басшысы атап өткендей, Қарин — елдің ішкі саясатының қыр-сырын өте жақсы білетін орындаушы. Оның мемлекеттік тілді де, орыс тілін де еркін меңгергенін, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен де тығыз байланыста екенін бәріміз білеміз. Ол Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары ретінде сайлау науқандарын ұйымдастыруға да белсене қатысты. Сондықтан бұл жұмыс оның қолынан келеді, ол бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен, оған арнайы бейімделудің немесе іске қайта үйренісудің қажеті жоқ. Президенттің таңдауын осыдан-ақ түсінуге болады», — деді сарапшы.
Сондай-ақ сарапшы жаңа лауазым иесінің алдында тұрған негізгі мемлекеттік міндеттерді саралап көрсетті. Оның пайымдауынша, негізгі бағыт саяси тұрақтылықты сақтау мен қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделеді. Бұл ретте кадрлық ауыс-түйіс мемлекеттік аппараттың жүйелі жұмысын бұзбайды.
«Ал алда қандай міндеттер тұр? Оны, ең алдымен, Президенттің өзі айқындайды. Қарин өзім білемге салынып, жеке стратегия әзірлейді деп ойламаймын. Әрине, ол ең алдымен Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындайды. Олар — саяси тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік институттарды нығайту және қоғамдық сананы жаңғырту. Бұл ретте ел бір жағынан ұлттық мемлекет ретінде тамырын тереңдетсе, екінші жағынан заманауи, қуатты әрі дамыған елге айналуы тиіс. Соңғы жылдары Ақордада қызмет еткен Қариннің бұл орынға келуі мемлекеттік аппаратты дүрліктіреді деп есептемеймін. Бұл — осы жылдар бойы жүргізіліп келген кадрлық саясаттың заңды әрі бірқалыпты жалғасы», — деді Ғазиз Әбішев.
«Жаңа лауазым пайда болды екен деп, оның саяси салмағын бірден арттырмайды»
Өз кезегінде Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Жансая Нұралы реформалардың сабақтастығына назар аударды. Ол елдегі саяси өзгерістердің эволюциялық жолмен, сабырлы түрде жүріп жатқанын атап өтті. Бұл ретте жаңа лауазымның мәні мен логикасы басқару жүйесін біртіндеп жаңғыртуға негізделген.
«Ерлан Қариннің Вице-президент қызметіне ұсынылуын жаңа Конституцияға сәйкес қалыптасып келе жатқан мемлекеттік басқару жүйесінің мәні әрі заңды логикасы деп айтуға болады. Жалпы, соңғы уақыттағы саяси реформалар мен Президенттің маңызды кадрлық шешімдеріне назар аударсақ, оның шешім қабылдау тәсілі күрт әрі шорт кесетін өзгерістерге сүйенбейді. Яғни, көп жағдайда шешімдер кезең-кезеңімен, сабырмен және асықпай жүзеге асырылады. Бұл — кез келген өзгерісті күшпен емес, оның қоғамда да, мемлекеттік басқару жүйесінде де біртіндеп орнығуына жағдай жасау дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, Вице-президент қызметіне де дәл солай қарауға болады, — деді Жансая Нұралы.

Сонымен қатар Жансая Нұралы бұл институционалдық қадамның практикалық мәніне тоқталды. Ол лауазымның саяси салмағы тек нақты атқарылған істер нәтижесінде қалыптасатынын атап өтті. Сарапшының пікірінше, бұл қызметтің басты мақсаты — билік тармақтары арасындағы дәнекерлік пен сабақтастықты қамтамасыз ету.
«Жаңа лауазым пайда болды екен деп, оның саяси салмағын бірден арттырмайды, бәрі алғашқы кезеңдегі атқарылған жұмыстан көрінеді. Жалпы, бұл лауазымдағы тұлға түрлі билік тармағының арасында дәнекер болып, олардың арасындағы сабақтастықты арттыруды көздейді. Ерлан Қариннің кандидатурасы да бұл жағынан өте түсінікті деп ойлаймын. Ол — осы саяси реформалардың басы-қасында жүрген, оның мазмұнын терең білетін азамат. Жаңа Конституцияны әзірлеуге үлес қосқан тұлға ретінде жаңа мемлекеттік тетіктерді қалыптастыру кезінде бұл жүйені іштен жақсы біледі, сондықтан да ол — логикаға толық сәйкес келетін кандидатура. «Жаңа лауазым» десек те, негізінен Қазақстан тарихында 1990-жылдары Вице-президент лауазымы болған. Дегенмен ол кезден бері жаңа ұрпақ өсті, сол кездегі тұлғалардың бұл қызметті қалай атқарғанын қазір көпшілік біле бермеуі мүмкін. Сондықтан, қазіргі тағайындалып отырған адамның жұмысына қоғам өзінің бағасын алдағы уақытта береді деп ойлаймын. Яғни, жұрттың бәрі енді оның қалай жұмыс істейтініне қарап отырады. Қоғам бұл қызметті бос атағына қарап емес, дәл осы атқаратын нақты ісіне қарап бағалайды», — деді сарапшы.
Еске салсақ, Президент ұсынған Ерлан Қариннің кандидатурасын Құрылтай мақұлдады. Жиын барысында 141 депутат қолдап дауыс берсе, төртеуі қалыс қалды.
Соңғы жаңалықтар