«Жомарт» кенішіндегі қауіпсіздік шаралары бақылауға алынды
Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазақмыс» басшылығы «Жомарт» кенішіне барып, ондағы өндірістік қауіпсіздік шараларының қалай орындалып жатқанын тексерді, деп хабарлайды Politico.kz.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев «Қазақмыс» басқарма төрағасы Руслан Өскенәлімен бірге кеніштегі жағдайды көзбен көрді. Жұмыс сапары барысында олар былтырғы оқиғадан кейін қауіпсіздікті күшейту бағытында жасалған істерді қадағалап, қазіргі газ жағдайы мен бақылау жүйелерін тексерді.

Кеніште арнайы ұйымдардың көмегімен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, оқыс оқиға болған аумақтар газдан толық тазартылған. Қазіргі таңда кәсіпорында желдету жүйелері жаңартылып, тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау күшейтілді. Сонымен қатар тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізудің арнайы жол картасы енгізіліп, өндіріс параметрлеріне қажетті өзгерістер жасалған.
Бұдан бөлек құрал-жабдықтарды жаңарту, жұмысшылардың орналасқан жерін анықтау және апат туралы жедел хабар беру жүйелерін дамыту қолға алынған. Бұл техникалық тексеру жұмыстары мемлекеттік инспекторлардың тікелей қатысуымен өтіп жатыр.
"Барлық жұмыс бекітілген кесте бойынша орындалып, тұрақты бақылауға алынды. Жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәуекелдің алдын алу Корпорация үшін басты басымдық болып қала береді", - деп хабарлады Қазақмыс.
Соңғы жаңалықтар