ЖСН, аты-жөні, телефон нөмірі: 16 млн қазақстандықтың жеке дерегі коллекторлардан табылды
Еліміздегі 20,5 млн халықтың шамамен 16 миллионына тиесілі құпия мәліметтерді заңсыз пайдаланған Жетісу облысындағы коллекторлық агенттіктің жолы кесілді, деп хабарлайды Politico.kz өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Талдықорғанда өткен арнайы операция барысында киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері заңсыз ақпараттық базаны әшкерелеген. Осы жүйе арқылы ұйым жұмысшылары кез келген адамның аты-жөнін, ЖСН нөмірі мен ұялы телефонын кедергісіз тауып отырған. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде заңсыз тізімді ұйымдастырып, оны өз мүддесіне пайдаланған 3 күдікті ұсталды. Олардың жұмыс орны мен тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізіліп, жеке деректерді сақтауға арналған көптеген компьютер мен ұялы телефондар тәркіленген.
Бұдан бөлек істің мән-жайын толық тексеру үшін тағы бірнеше адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, бұл құпия ақпараттың нақты қай көзден алынғаны және қалай таралғаны анықталып жатыр.
Айта кетейік, биылғы сәуір айында қазақстандықтардың мәліметтерін сатумен айналысқан қылмыстық топ құрықталған еді.
Соңғы жаңалықтар