«Жұмыс жетерлік»: «Назарбаевтың бұлбұлы» деп атанған Ертісбаев саясаттан кететінін айтты

25.08.2026 10:01 Әсел МҰРАТ
«Жұмыс жетерлік»: «Назарбаевтың бұлбұлы» деп атанған Ертісбаев саясаттан кететінін айтты
172
Фото: ашық дереккөз

Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысынан кейін Қазақстан Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев белсенді саясаттан кететінін жариялады. Бұл туралы саясаткер Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, Құрылтай сайлауында Қазақстан Халық партиясы ресми түрде 3 пайыздан астам дауыс жинаған. Ертісбаев сайлаушылардың белсенділігіне, дауыс беру процесінің ұйымдастырылуына және жалпы сайлау барысына қатысты пікір білдірмейтінін атап өтті.

Саясаткер ҚХП төрағасы қызметінен кеткеніне шамамен екі ай болғанын да еске салды. Қазіргі уақытта партияның жаңа басшылығы мен жаңа міндеттері бар.

«Мен белсенді саясаттан кетуге шешім қабылдадым. Саяси өмірбаянымдағы бұл кезең аяқталды деп санаймын. Бізге дауыс берген, сайлау науқаны кезінде еңбек еткен, үгіт-насихат жүргізген, пікірталастарға қатысқан, бағдарламамызды қорғаған және бізге сенім білдірген барша азаматқа алғыс айтамын. Ежелден келе жатқан бір қағида бар: “Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, кімнің қолынан келсе, менен де жақсы жасасын”. Біз өз мүмкіндігімізше барлығын атқардық», – деді ол.

Ермұхамет Ертісбаев бұдан былай халықаралық мәселелерге, тарих пен саясаттануға, сондай-ақ ағартушылық бағыттағы жұмыстарға көбірек көңіл бөлгісі келетінін айтты.

Саясаткер алдағы уақытта халықаралық сараптамаға басымдық беретінін жеткізді. Оның сөзінше, АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қарым-қатынастар, Еуропадағы үдерістер, Орталық Азияның болашағы және өзгеріп жатқан әлемдегі Қазақстанның орны секілді мәселелерге назар аудару маңызды.

Сонымен қатар ол тарихи оқиғаларды жаңа қырынан зерттеуді жоспарлап отырғанын айтты. Атап айтқанда, бұдан 10, 50 немесе 100 жыл бұрын қабылданған шешімдердің қазіргі қоғам мен мемлекеттің дамуына қалай әсер еткенін көрсетуге ниетті. Айтуынша, жұмыс жетерлік.

Сөз соңында Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясына алдағы жұмысына сәттілік пен төзімділік тіледі.

«Мен үшін бұл саяси кезең еш өкінішсіз, ешкімге өкпе артпай және өткенге байланып қалмай аяқталды. Енді жасалған жұмыстарды саралап, алға қарай қадам басатын уақыт келді», – деп қорытындылады ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий