“Жұмыссыз ретінде бір миллион теңгеге дейін алып жүр“. Қазақстанда төлем жүйесі өзгереді

21.04.2026 16:35 Мөлдір Талғат
“Жұмыссыз ретінде бір миллион теңгеге дейін алып жүр“. Қазақстанда төлем жүйесі өзгереді
93
Фото: pixabay

Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер механизміне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды  Politico.kz.

Үкіметтегі брифинг барысында министрден жаңа Әлеуметтік кодекс аясында төлемдер қысқара ма деген сауал қойылды. Асқарбек Ертаев қордың қаржылық жағдайы тұрақты екенін атап өтті.

«Қор тұрақты жұмыс істеп тұр, қаражат түсіп жатыр. Қаржылық көрсеткіштері де оң нәтиже көрсетуде», – деді министр.

Сонымен қатар ол төлемдерге қатысты өзгерістер болатынын растады. Оның айтуынша, бұған кейбір азаматтардың жүйедегі олқылықтарды пайдаланып, заңсыз схемалар арқылы жоғары төлем алуы себеп болған.

Мысал ретінде министр бірнеше жерде бірдей жұмыс істеп, кейін бір мезетте жұмыстан шығып, жоғары жәрдемақы алуға өтініш беретін жағдайларды атады.

«Қазір төлемдердің ең жоғарғы шегін қайта қарастырып жатырмыз. Себебі кейбір жағдайларда азаматтар негізсіз жоғары төлем алып отыр», – деді Ертаев.

Сондай-ақ жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі де өзгеруі мүмкін. Бұған дейін пандемия кезінде бұл мерзім 6 айға дейін ұзартылса, енді оны қайтадан 4 айға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Министрдің сөзінше, мұндай өзгерістердің басты мақсаты – әлеуметтік қор айналасында қалыптасқан «көлеңкелі» схемаларды жою және әділ төлем жүйесін қалыптастыру.

«Кейбір жағдайларда азаматтар 1 миллион теңгеге дейін жәрдемақы алып отыр. Бұл дұрыс емес. Сондықтан төлемдерге нақты шектеу енгізіледі», – деді ол.

Ведомство барлық заңды төлемдер сақталатынын, алайда артық және негізсіз төлемдерге жол берілмейтінін атап өтті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий