«Жүрегіме қатты бататын»: Кәсіпкер Нұрхан сыныптастарының кедейлігін бетіне басқанын айтып көзіне жас алды

07.07.2026 15:19 Қарақат АСЫЛОВА
«Жүрегіме қатты бататын»: Кәсіпкер Нұрхан сыныптастарының кедейлігін бетіне басқанын айтып көзіне жас алды
72
Фото: Бейнеден кадр

Блогер, кәсіпкер Нұрхан Нұрмаханбет Kezdesu бағдарламасына берген сұқбатында балалық шағындағы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Кәсіпкердің айтуынша, бірге оқыған сыныптастары өзінің аз қамтылған отбасыдан шыққанын жиі еске салатын.

«Кішкентай кезімде қатты жылап: "Қасымдағы балалар жаңа костюм киіп келеді, ал мен ескі костюм киіп барамын", — деп айтатынмын. Мектептегі буфетте басқа балалар кәдімгідей ақша жұмсайтын. Ал менің жарататын ақшам болмайтын, қарным ашып тұрса да, олардың тамақ сатып алып жеп жатқаныа қарап тұратынмын. Сондай-ақ мектепте жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін тамақ берілетін. Алайда мен сол тамақты барып жеуге ұялатынмын. Себебі тамақ тарататын кісілердің өзі жиналыс болғанда: "Жағдайы нашар, аз қамтылған отбасыларға осылай тамақ беріледі", — деп айтып жататын. Осыны көрген сыныптастарым мені: "Біздің сыныпта тек сен ғана жалғыз барып тамақ ішесің", — деп мазақтайтын. Бұл сөздер жүрегіме қатты бататын, сол сәттер әлі күнге дейін есімде», — деді Нұрхан Нұрмаханбет.

Ары қарай ол ақ жаулықты әжесінің мейірімге толы көздерімен қарап, өзіне қалай жігер бергенін, қиын сәтте демеу болып, үлкен өмірге қарай қалай қанаттандырғанын ерекше тебіреніспен баяндап берді.

«Сол кездері әжем зейнетақысынан жинап, маған 50 теңге беретін. Ол уақытта 50 теңге көп ақша еді — оған бір пигоди мен «Юпи» сусынын сатып алып жеуге болатын. Иә, сондай күндер болды. Бірақ ол 50 теңгенің өзі сирек берілетін, әжем оны күнде бере алмайтын. Өйткені үйге, отбасымызға да тамақ алу керек қой. Жағдайымыз сондай болды. Әжемнің маған жасаған осындай жақсылықтары ғана есімде қалыпты. Ол кісі мені қатардан қалдырмай өсірсем деп ойлайтын және соны айтып, өзі де егіліп жылап алатын», — деді кәсіпкер.

Бүгінгі таңда өз кәсібін өрге домалатып, қалың көпшіліктің ықыласына бөленіп отырған табысты блогердің бала күніндегі ең үлкен арманы да, алға қойған асқақ мақсаты да өзін бағып-қаққан аяулы әжесінің иығына құндыз тон жауып, қолына алтын әшекейлер тағып, қуанышқа кенелту болғанын айтты.

«Әжеме алтын сырға алып берсем деп армандайтынмын. Ол кезде әжем көршілермен бірге қонаққа барғанда: "Ана баласы анасына туған күніне алтын сақина сыйлапты, ал мына баласы 8 наурызға сырға тағыпты", — деп балаларына келіп айтып отыратын. Оның үстіне, әжемнің құндыз шубасы да болған жоқ. Қыстың күні сыртынан түбіт орамал жамылып, ескілеу бір күрте киіп жүретін. Содан болар, күнде түнде жатарда: "Уа, Алла тағалам, Құдайым! Менің осы бір арманымды орындай көрші. Осы тілегімді қабыл етсең болды, өзім үшін Сенен басқа ештеңе сұрамаймын", — деп жылап тұрып жалбарынатынмын. Күн сайын: "Шіркін, тезірек ақша тауып, табысқа кенелсем, әжеме құндыз тон алып берсем ғой", — деп қиялдайтынмын. Ол уақытта 500 мың теңге мен үшін 5 миллион ақшадай тым көп көрінетін. "Алтын Орда" базарына барып, тондарды сырттай көріп, бағасын сұрағанымда сатушылар "500 мың теңге" дейтін. Содан кейін оған міндетті түрде алтын әшекейлер әпергім келетін, шіркін, әжемнің қолы алтынға толып жүрсе екен деп армандайтынмын. Бала күнгі ең үлкен аңсарым осы еді», — деді Нұрхан Нұрмаханбет.

Войдите, чтобы оставить комментарий