Жүргізушілер шағымынан соң Павлодар зауытының АИ-95 және АИ-98 бензині тексеріліп, сапасы расталды

26.08.2026 13:46 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жүргізушілер шағымынан соң Павлодар зауытының АИ-95 және АИ-98 бензині тексеріліп, сапасы расталды
239
Фото: magnific.com

Астана, Алматы және Петропавл жүргізушілерінің шағымынан кейін тәуелсіз зертхана Павлодар мұнай-химия зауытының бензинін тексерді. Нәтижесінде отынның сапалы екені расталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін аталған үш қаладағы көлік иелері жанармай құйған соң темір тұлпарлары бұзылғанын айтып шағымданған. Олар бекеттерде төмен октанды бензин сатылуы мүмкін деп күдіктенді. Осы жағдайдан кейін кешегі брифингте энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке сұрақ қойылған еді. Министрлік басшысы Павлодар зауытындағы отын сапасы тексеріліп жатқанын мәлімдеген.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру жұмыстары 2026 жылдың 25 тамызында жүргізілді. Оны әлемнің 115 елінде жұмыс істейтін SGS Kazakhstan тәуелсіз зертханасы іске асырды. Мамандар кәсіпорын аумағында орналасқан зертханада автомобиль бензинінің төрелік сынамаларына талдау жасады. Мұнай өнімдерінің әрбір партиясынан арнайы төрелік сынама алынады. Ол тәуелсіз зертханада тексеріледі. Бұдан соң үлгі пломбаланып, 45 тәулік бойы сақталады.

«Зертханада төрелік сынамалардың ГОСТ 32513 стандартына сәйкестігі расталды. Осылайша Павлодар мұнай-химия зауыты өндірген АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин Кеден одағының ТР ТС 013/2011 техникалық регламенті мен ГОСТ 32513-2013 талаптарына сәйкес келеді. Зауыт жөнелткен бензин партиялары өнімнің сапасын растайды», – деді «ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметі.

Войдите, чтобы оставить комментарий