«10–12 күн шыдау керек»: Елдегі АИ-95 пен АИ-98 бензинінің сапасына қатысты дауға министрлік жауап берді
Қазақстанда көлік иелерінің АИ-95 және АИ-98 маркалы жанармай сапасына жаппай шағымдануынан кейін Энергетика министрлігі арнайы тексеру бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Елдегі жүргізушілер жанармай бекеттеріне барғаннан кейін көліктерінде түрлі ақау пайда болғанын айтып, дабыл қағуда. Әсіресе Audi, BMW, Porsche және өзге де шетелдік көлік иелері қозғалтқыштың дұрыс істемей қалғанын, тарту күші төмендеп, жүйеде қателер шыққанын айтады. Кейбір азаматтар сервистік орталықтарға жүгінуге мәжбүр болған. Мұндай шағымдар көбіне Алматы, Астана және Петропавл қалаларынан түсіп жатыр. Жүргізушілер бекеттерде жоғары октанды отынның орнына октан саны төмен бензин сатылуы мүмкін деп күдіктенеді.
Брифинг барысында журналистер энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен көліктердің бұзылуына байланысты тексеру шаралары жүргізілетін немесе жүргізілмейтінін сұрады.
«Бұл тақырып қазір әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Кеше менің орынбасарым, вице-министр Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарымен бірге Павлодар қаласына жіберілді. Олар қазір павлодарлық зауытты отын сапасына қатысты заңбұзушылықтар бойынша тексеріп жатыр», – деді Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар министр жанармайдың жаңа легі Атырау мұнай өңдеу зауытынан күтіліп отырғанын жеткізді.
«Өз тарапымнан айтарым, 10–12 күндей шыдау қажет. Бензиннің жаңа легі жолда келе жатыр, атап айтқанда Атырау мұнай өңдеу зауытынан, біз өте қысқа мерзімде тиісті сапаны қамтамасыз етеміз», – деді министр.
Министр орын алған ақаудың нақты себебін атаған жоқ. Дегенмен бұл мәселе тікелей ведомствоның қадағалауында екенін мәлімдеді.
«Павлодар зауыты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарайтынын білесіздер, сондықтан бұл отынды дәл осы компания өндіреді. Біз қазір бұл мәселені қарап, бақылауда ұстап отырмыз», – деді Ақкенженов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта жанармай сапасындағы олқылықтың нақты қай тұстан кеткені анықталып жатыр.
«Жанармай құю бекеттерінің желілері мұнай өңдеу зауытына сілтейді, ал мұнай өңдеу зауыты мұны жанармай бекеттерінен болуы мүмкін дейді. Барлығын анықтап, ең жақын арада нүктесін қоямыз», – деді министр.
Соңғы жаңалықтар