Журналистер депутаттарды кулуарда сұрақтың астына ала алмайды: Құрылтай жаңа тәртіпке көшеді

02.09.2026 17:29 Әсел МҰРАТ
Журналистер депутаттарды кулуарда сұрақтың астына ала алмайды: Құрылтай жаңа тәртіпке көшеді
262
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Құрылтай кулуарында журналистер депутаттарға сұрақ қоя алмайды. Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков журналистердің депутаттармен жұмыс істеу форматына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Айтуынша, БАҚ өкілдері депутаттармен және үкімет мүшелерімен тек арнайы баспасөз орталығында, Құрылтайдың күн тәртібі аясында жұмыс істейді.

Күн тәртібінен тыс сұрақтар бойынша журналистер Құрылтайдың немесе партиялардың баспасөз қызметі арқылы депутаттармен сұхбат ұйымдастыра алады.

«Брифингтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Баспасөз қызметі брифингке қатысушылар мен оның тақырыбын алдын ала хабарлайды. Баспасөз орталығында БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған: wi-fi, ыңғайлы жұмыс орындары бар, ілеспе аударма жасалады», - деді Кальянбеков.

Кальянбеков жаңа тәртіптің мақсаты журналистерді шектеу емес, коммуникацияны жүйелі ұйымдастыру екенін атап өтті.

«Егер журналистердің депутаттарға Құрылтай күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақтары болса, олар Құрылтайдың немесе саяси партиялардың баспасөз қызметтеріне жүгіне алады. Баспасөз қызметі депутатпен жедел түрде сұхбат ұйымдастыруға көмектеседі. Айта кетейік, кейбір БАҚ өкілдері бұл мүмкіндікті қазірдің өзінде пайдаланып үлгерді және баспасөз қызметі тарапынан оларға қажетті барлық қолдау көрсетілді», - деп атап өтті ол.

Айтынша, Құрылтайда ұсынылып отырған жаңашылдықтар Қазақстан заңнамасына және БАҚ-ты аккредиттеудің үлгілік қағидаларына толық сәйкес келеді.

«Жоғарыда аталған тәсілдер бекітілетін жаңа аккредиттеу қағидалары Құрылтай Бюросында қабылданады. Сонымен қатар, Құрылтай ғимараты күзетілетін нысан екенін атап өткен жөн, ғимаратта баршаға міндетті өткізу және нысанішілік режим талаптары қолданылады», - деді Құрылтай өкілі.

Ол ұсынылып отырған тәсіл қалыптасқан әлемдік тәжірибеге толық сәйкес келетінін айта кетті.

«Әлемнің жетекші парламенттерінде БАҚ өкілдерінің депутаттармен өзара іс-әрекеті, әсіресе сұхбат алу, телевизиялық тікелей қосылымдар мен түсірілімдер жүргізу арнайы белгіленген алаңдарда ұйымдастырылады. Бұл журналистерге кәсіби жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасап, Құрылтай депутаттарымен коммуникацияны жүйелі әрі ұйымдасқан сипатқа көшіруге мүмкіндік береді», - деп сөзін түйіндеді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий