Қазақ ғалымы мұнайдан өңделетін дәріні биоқалдықтан жасамақ
Назарбаев университетінің профессоры, химия инженері Нұршат Нұражы бастаған бір топ ғалым мұнайдан өңделетін дәрі-дәрмекті тірі ағзалардың қалдығынан алу жобасын іске асырып жатыр. Кейін осы инженериялық шешім арқылы Қазақстанның мұнайға негізделген экономикасын әртараптандыруға үлес қоспақшы.
12 молекуланың құпиясы
Бірден айту керек, биомассаны мұнай орнына өңдеп пайдалану идеясы әлемде талайдан бері айтылып жүр. Бірақ теорияны іске асырудың нақты жолын әлі ешкім дөп басып таба қойған жоқ. Сондықтан ғалымдар өзара ғылыми бәйгеге түсіп жатыр деуге болады. 2019 жылдан бері осы жарыста Қазақстан да бақ сынап жатыр.
«Мұны біз өз арамызда «биоқалдықтардан материал өндіру жобасы» дейміз, өте ауқымды жоба. Мақсатымыз – биоқалдықтардан дәрі жасау. Дәрі болсын, резеңке болсын, полимер болсын, басым көбі мұнайдан химиялық жолмен алынады. Ал бұл материалдың адам өмірінде қолданылмайтын саласы жоқ. Фармацевтика, құрылыс, косметика, энергетика, киім индустриясы, ғарыш, электроника, жиһаз шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, бәрі-бәрі мұнай өнімдерін өте көп «тұтынады». АҚШ-тың Энергетика министрі өсімдіктен алынатын 12 молекуланы атап, «осылардың реакция тізбегін ашсақ, мұнайға тәуелділіктен құтыламыз» деген. Осы тәсілмен дәрі-дәрмекті де биоқалдықтардан алуға болады. Соның ғылыми жолын, химиялық тізбегін жобалап жатырмыз. Дәріні алу жолын тапсақ, полимер алуға көшеміз. Бірақ тездетпесек, кеш қалуымыз мүмкін. Өйткені бүкіл әлем қазір осы 12 молекуланың төңірегінде жарысып жатыр. Кім бірінші болып тізбекті дәлелдесе, патенттер соның меншігінде кетеді», – дейді ғалым.
Бұл жерде биомасса ретінде шөптің, ағаштың, балдырдың, малдың, балық пен құстың тіндерін, сүйектің, жүн-терінің түрлі қалдығын пайдалануға болады. Биомассаны реакторға салып, қыздырады. Одан кейін ерітіндімен араластырып өңдейді. Осы реакциялардың әсерінен бөлініп шыққан целлюлоза мен сұйықтықты тазартып, арнайы құрылғы көмегімен сынақтан өткізеді.
«Неге биоқалдықтарды таңдап алдық? Мұнай – сарқылатын ресурс. Ал биомассаның кейбір түрі тіпті бір аптаның ішінде қайта өнеді, яғни жаңартылатын ресурс деуге болады. Мұнай сарқылғаннан кейін жер қыртысында қайта пайда болып, пісіп жетілгенін миллиондаған жылдар бойы күте алмаймыз.
Бізге биомассаның тегі соншалық маңызды емес. Өсімдіктен де, ағаштан да бола береді. Целлюлоза алынса жетіп жатыр. Қазір химиялық реакцияның жолын жобалап жатырмыз. Негізі ол реакция жолы дайын. Енді соны түрлі жағдайда сынап, тиімділігін дәлелдеуіміз керек», – дейді профессор.
Ғылыми топ өздері ойлап тапқан реакцияны Англиядан арнайы алдырған қондырғы арқылы тексеріп өндіреді.
«Дәрі шығаратын зауыттарға барсаңыз, шикізаттан дәрі алғанға дейін өндірістің әр сатысы түрлі цехта өтетінін көресіз. Ал мына қондырғы сол өндірістік процесті біртұтас үздіксіз тізбекке тізіп бере алады. Мына тұрған құрылғы биомассадан үздіксіз процесс арқылы ақырғы өнім алатын үлкен өндірістік кешеннің кішірейтілген макеті деуге болады. «Ағынды химия» деген жаңа сала бар. Біз сол саланы зерттеп жатырмыз. Бір сөзбен тоқтамайтын реактор деп атауға болады. Мынаны түсінуіңіз керек, біз бұл құрылғы арқылы жаңа дәрі ойлап таппаймыз. Нарықта бар, мұнайдан жасалатын химикаттарды биомассадан да алуға болатынын дәлелдеп, соның инженериялық тізбегін түзіп шығамыз», – дейді Нұршат Нұражы.
АҚШ-тан атажұртқа
Маман қазақ ғылымының жаңалықтары өндіріспен қанаттасып дамымай жатқанын ғылыми инженерия бағытының кенжелеп қалуымен байланыстырады. Осы ойын Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңеске де жеткізіпті.
Ақордаға барғанда отандық өнім үлесін көбейтуге ғалымдар үлес қосу керектігі көп айтылды. Отандық өнімді көбейту үшін әуелі зауыт салу керек. Ал зауытты жобалау үшін инженер керек. Бізде ғылыми жобалар баршылық. Соны зауытқа икемдеп жобалайтын маман тапшы. Сондықтан көп сәтті ізденістер мен өнертабыстар теория сатысында қалып отыр. Қазақстанда Назарбаев университетінен басқа оқу орындарында химия инженерін даярлайтын оқу бағдарламасы жоқ.
Қазақстан биомассаға өте бай мемлекет. Осы әлеуетімізді пайдалану керек. Мұнайдан алынатын полимеріңіз де, резеңкеңіз де өте баяу ыдырайды. Қоршаған ортаны жылдар бойы ластап жатуы мүмкін. Ал биомассадан алынған полимерлер тез ыдырап, жоғалады. Табиғатқа ешқандай зияны жоқ.
Жаңа айтқан 12 молекуланың 1-2 түрімен ғана айналысып жатырмыз. Сол 1-2 реакцияның өзін зерттеуге ондаған адам жұмылдырдық. Ал 21 молекуланың бәрін зерттеу үшін үлкен команда, қомақты ақша, орасан инфрақұрылым керек», – дейді профессор.