Қазақстан мен Түркия бірлесіп, Каспийде кеме жасайды
Ел Үкіметі кеме жасау индустриясын дамытуды ұйғарды. Бұл ретте «қазіргі кезде Қазақстанның теңізде қанша кемесі бар және қаншасы жаңадан жасалады?» деген сауал туындайды.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде қазақстандық сауда флоты 20 кемеден ғана тұрады. Олардың бәрі бірдей Ақтау және Құрық порттарында емес. Атап айтқанда:
- Қара және Жерорта теңіздерінде мұнайды тасымалдайтын қазақстандық 2 танкер жүзіп жүр. Әр кеменің тасымалдау мүмкіндігі 115 мың тонна.
- Каспий теңізінде 11 танкер болса, оның екеуі жаңа. Былтырғы қарашада «ҚазМұнайГаз» және «Әбу Даби Портс» компаниялары бірлесіп сатып алды.
- Құрғақ жүктерді тасымалдайтын қазақстандық 4 кеме мен 3 контейнер тасымалдағыш та бар.
Салыстырсақ, мысалы, CNN хабарлауынша, көрші Ресейдің мұнайын санкциялар мен шектеулерден тыс, заңсыз таситын «көлеңкелі флотының» өзінде 700-дей танкер бар.
Жаңа кеме-танкерлерді қаптатып сатып алуға Қазақстанның қаражаты жете бермейді. Бірақ бұл тығырықтан республика басқа жолмен шықпақ.
Бірінші тәсілге сәйкес, Көлік министрінің айтуынша, иелігінде алып танкерлер мен кемелер паркі бар тасымалдау саласының жаһандық алпауыттары Каспийге қызығушылық білдіріп отыр. Бұған оларға Ресейдің уақыт өткен сайын оқшаулана түсуі ықпал еткені құпия емес.
Оларды тартса, бұл тасымал компаниялары өзімен бірге сыйымдылығы зор, алып кеме-танкерлерін Каспийге ала келеді. Бірақ сарапшылардың тұжырымдауынша, бұл үшін олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек.
Осы орайда ел Үкіметі қазақстандық экспорттаушылармен және әлемдік ірі Maersk, Cosco Shipping, PSA сияқты тасымалдаушы компаниялармен бірлесіп, 3 және 5 жылдық тасымалдау көлемін айқындап жатыр. Онысы жүзеге асса, Транскаспий көлік дәлізі бірден 5 жылға толық жүктеледі.
Бұған қоса, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы тасылатын жүк көлемін 5 есе арттыру міндеті орындалар еді. Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, тиісті жол картасына қол қойылды. Жол картасында көзделген шаралар әрбір елмен бірлесіп іске асырылып жатыр.
Былтыр бұл көлік дәлізі бойынша тасымал көлемі алдыңғы жылғыдан бірден 2 есеге артып, 2,5 миллион тоннаны құрады.
«Бүгінгі таңда қазақстандық порттарды трансформациялау жұмыстары жүргізілуде. Біз отандық порттарды Каспий теңізінің алдыңғы қатардағы хабтардың біріне айналдыруға, отандық теңіз флотын нығайтуға және Ақтау портында контейнерлік хаб құруға ниеттіміз. Аталған іс-шаралар «ship-or-pay» шарттары негізінде іске асырылатын болады», – деді Марат Қарабаев Роттердам портының вице-президенті Матьес ван Дорнмен екіжақты кездесуінде.
Үкімет Ақтау және Құрық теңіз порттарын ship-or-pay шарттарымен шетелдіктерге сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін қарастыруда.
Сондай-ақ шетелдік тасымал алпауыттары келуі үшін теңіз түбін тереңдетуге тура келеді, бұл жұмыстар биыл қарқынды басталып кетті. Бұл жөнінде бұған дейін Inbusiness.kz жазды.
Сонымен қатар, өткен қыста Ресейде жердің 1,5 метрге дейін тоң болып қатуынан көктемде еріген қардың мол суы жерге сіңбей, соңы тасқынға ұласты. Нәтижесінде, Еділ (Волга) мен Жайықтан (Орал) бастап, Манасөзен, Қарасай, Қарасу және басқа да отыздан аса шағын өзеннің бәрі суға толып, арқыраған күйі Каспийге құйылды. Осының арқасында биыл теңіз суының деңгейі шамалы биіктеген.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, министрлік шамамен 1 миллиард текше метр тасқын суын Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне жіберді. Ол үшін 4 арна: Бақсай, Нарын, Черная речка және Соколок дайындалды.
Жалпы, бұл арналар тәулігіне 12 миллион текше метрге дейін су өткізе алады. Бұған қоса, Соколок каналына қатарластырып, ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылды, ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберіледі. Мұның бәрі теңіз навигациясын жақсартады. Кемелерді көбейтудің екінші амалы.
Каспийдегі теңіз флотын ұлғайту үшін Қазақстан төл кеме жасау индустриясын дамытуды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде 10 кемені – 3 танкерді, 3 құрғақ жүк кемесін және 4 әмбебап паромды жасау жоспарланған.
«Қазақстандық кеме жасау зауыты іске қосылғанға дейін бастапқыда, бірінші кемені Каспий маңындағы көршілес елдердің бірінің зауытында жасау көзделген. Қазіргі уақытта “ҚазақстанТеңізФлоты” компаниясы кемелердің жаңа моделін жобалауда. Олардың құрылысына мемлекеттік қолдау ретінде Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады. Кеме жасау зауытының өндірісін бастапқы кезеңде Каспий теңізі жағалауында орналасқан нысандардың базасында бастау жоспарланып отыр», – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Мысалы, метал конструкцияларын құрастыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар «ЕрСай» компаниясының әлеуетін қолдану жоспарланып отыр. Жобаны іске асыруға түріктің YDA, ASFAT, ADP компаниялары қызығушылық танытты.
Соның ішінде ASFAT Inc. (Askeri Fabrika ve Tersane İşletme) – Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігіне бағынады және қорғаныс тапсырыстарын орындайды. Осы мақсатта ол 27 артиллериялық зауыттың және 3 мемлекеттік әскери теңіз кемелерін жасау кәсіпорындарының объектілері мен әлеуетін пайдаланады.
Бұл компания бәрін өзі жобалайды, кәсіпорынды өзі салып, жабдықтайды, өзі қызмет етеді және қажетті персоналды да өзі оқытады. Қазақстандық кеме жасайтын жаңа зауытты сауда кемелеріне зәру компаниялар, шекара және басқа меморгандар, шетелдік тапсырыс берушілер сұраныспен қамтиды деп күтілуде.
Сондай-ақ, 150-ден астам кемеге әртүрлі жөндеу жұмыстары қажет, ол да осы отандық кеме жасау зауытында жүргізілетін болады.
Теңіз кемелерге «тығындалып» қалмай ма?
Каспий айдынын кемеге толтырумен іс бітпейді. Егер оларды тездетіп тексеріп, жылдамдатып өткізбесе, кішкене теңізде кептеліс туындап, ешқайсысы ешқайда жүзе алмай қалады.
Мысалы, 2020 жылдан бүгінге дейін кеме қатынасы өсіп келеді. 2020 жылы қазақстандық порттар арқылы – 756 кеме-танкер өтсе, 2021 жылы бұл сан – 869-ға, 2022 жылы – 917-ге, 2023 жылы – 1 026-ға жетті. Яғни, жылдық өсім 12%-ды құрады.
Статистика бойынша теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кемені қарауға елімізде 3-тен 6 сағатқа дейін уақыт шығындалады екен.
Бұдан бөлек, кеменің келуіне немесе кетуіне қажетті құжаттарды ресімдеуге орта есеппен 30-60 минут жұмсалады. Кеме қатынасының ұлғаюына байланысты порттардың теңіз әкімшілігінің (ПТӘ) инспекторын 30-60 минуттан, тіпті одан да көп күтуге тура келеді.
Бұл ретте ПТӘ инспекторының келуін сағаттап күтіп, қаңтарылып тұруының кесірінен мұнай құю және құрғақ жүк тиеу айлақтары айына жалпы жиынтығында 1 тәулікті жоғалтады. Дәл осы уақыт ішінде порт айлақтарында кемінде 2 кемені, 1 танкерді және құрғақ жүк флотының 1 кемесін өңдеуге болатын еді.
Салдарынан, қазақстандық порттың жоғалтқан пайдасы айына шамамен 15-16 миллион теңгеден не жылына 180-192 миллион теңгеден асады.
Бұл мәселені шешу бақылау-қадағалау органдарының жүктерді ресімдеуге кететін уақытын азайтуға, кемелердің кіруі мен шығуы уақытын қысқартуға, порт қызметінің тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға оң ықпал етеді.
Проблеманы қалай шешу керек?
Көлік министрлігінің түсіндіруінше, теңіздің өткізу пункттерінде бақылау қызметтерін тәулік бойғы жұмыс режиміне көшіру қажет.
Бұл үшін біріншіден, Көлік министрлігі құрамындағы Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің «Қазақстан порттарының теңіз әкімшілігі» РММ қызметкерлерінің штат санын ұлғайту керек.
Екіншіден, кемелерді ресімдеу кезінде бақылау-тексеру рәсім-процедураларын жүргізуге жұмылдырылған кеден қызметкерлерінің санын көбейту қажет.
Көлік министрі Марат Қарабаев теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді «маңызды міндеттердің бірі» деп атады.
«Кеме қатынасының артуына және Каспий теңізінің тартылуына байланысты навигация қауіпсіздігінің тиісті жүйесін тездетіп құру қажет. Осыған орай қазіргі кезде Құрық портында тиісті навигациялық жүйе толық пайдалануға беріліп жатыр. Ақтау портында бұл жүйені 2025 жылдың соңына дейін орнату көзделіп отыр. Жалпы, барлық навигациялық жүйелерді бірыңғай желіге біріктіргеннен кейін Каспий теңізінің қазақстандық аумағындағы кемелердің қозғалысы толығымен цифрлық режимде бақыланады», – деді министр.