Жанармай бағасы тағы қымбаттауы мүмкін
Қазақстандықтарға алдағы уақытта жанармай бағасының кезең-кезеңімен қымбаттауына дайын болу қажет, деп хабарлайды Politico.kz сайты Digital Business-ке сілтемемен.
Сарапшылар мұны әлемдік мұнай нарығындағы тұрақсыздықпен байланыстырып отыр.
Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов жанармай бағасын ұстап тұрған мораторий жақын арада алынып тасталуы мүмкін екенін айтты. Бірақ баға бірден емес, біртіндеп көтеріледі. Оның айтуынша, өсім жаз айларында басталуы ықтимал және шамамен 4% деңгейінде болуы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі мұнай бағасына әсер етуде. Егер жеткізілімдерде қиындықтар туындаса, мұнай бағасы айтарлықтай өсуі мүмкін.
Бағаның өсуіне қарамастан, Қазақстанда жанармай тапшылығы күтілмейді. Себебі елдегі мұнай өңдеу зауыттары ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алады.
Экономист Рахимбек Әбдірахманов ұзақ мерзімде жанармай бағасы едәуір қымбаттауы мүмкін екенін айтты. Оның болжамынша, баға 70–90% аралығында өсіп, қазіргі 239 теңгеден 406–454 теңгеге дейін жетуі ықтимал.
Сарапшылар нарықты тұрақтандыру үшін бағаны еркін қалыптастыруға көшу қажет екенін айтады. Сонымен қатар, халыққа нақты әрі мақсатты қолдау көрсету маңызды.
Соңғы жаңалықтар