Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

0
53

Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Атап айтқанда, Дос Жұрмаханбетұлы – онкологиялық аурулармен күрес саласындағы әлемдегі жетекші ғалым. Ол Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті болып тағайындалды.

Профессор Дос Сарбасов – Назарбаев Университетінің Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің оқытушысы, биохимия және молекулалық биология ғылымдарының кандидаты (АҚШ). Доктор Сарбасов ұзақ уақыт америкалық MD Андерсон онкология орталығында жұмыс істеп, 27 жылдан кейін Қазақстанға оралды. 2020 жылдан бері профессор Назарбаев Университетіндегі National Laboratory Astana зертханасын басқарады. Командасымен бірге профессор қатерлі ісіктің КRАS-мутантты түрлерін емдеуді аяқтауды көздеп отыр. Ол С дәруменінің жоғары дозадағы D-формасының (D-VC) шағын концентрациядағы күшаламен (arsenic trioxide, ATO) қосындысына негізделген.

Сарбасов 80-нен астам ғылыми жарияланым мен 37 қолжазбаның авторы, mTOR ақуызының өсудегі, жасушалардың көбеюіндегі, мРНҚ транскрипциясындағы және жасуша ішіндегі ақуыз биосинтезіндегі рөлін ашушылардың бірі. Америкалық биохимия және молекулалық биология қауымдастығының, Президент жанындағы ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі.

Жоғарғы соттың коммуникация бөлімінің меңгерушісі қызметіне Перизат Сәдуақас тағайындалды.

Перизат Сәдуақас Қарағанды облысында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, тарихшы, заңгер. Тарих ғылымдарының кандидаты. 4-ші санатты біліктілік сыныбы бар.

2002-2009 жылдары Қарағанды қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназияның, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің оқытушысы, Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының оқу-клиникалық орталығының инспекторы; 2009-2017 жылдары Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының жетекші маманы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің сарапшысы, ҚР Президенті Баспасөз қызметінің референті, сарапшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы, инспекторы, «М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі; 2019-2024 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Серіктестік департаменті директорының орынбасары, директоры, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) үздіксіз қызмет, Ұлытау облысы әкімінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары болған, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

AMANAT партиясы Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен Парламент Мәжілісі депутатының партиялық тізім бойынша бос мандаты Байтілесов Нұрсұлтан Төленұлына берілді.

Нұрсұлтан Байтілесов 1991 жылы туған. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетін «экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген. Заң ғылымдарының магистрі.

2009 жылдан бастап Астана қаласы Алматы аудандық сотының жетекші маманы, бас маман-сот отырысының хатшысы, сот приставы, бас маманы, Атырау, Павлодар облыстық соттарының кеңсесі басшысының орынбасары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің бас консультанты болып қызмет атқарған. 2016-2018 жылдары Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету депар¬таментінің халықаралық байланыстар және протокол бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. 2020 жылы Нұрсұлтан Төленұлы Байтілесов Жоғарғы Сот аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ол жас кадрлар резерві құрамына кірген.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне Нұрбол Тымпиев тағайындалды.

Нұрбол Тымпиев 1991 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 2014 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін, 2018 жылы Чехия Республикасының Халықаралық экономикалық институтын, 2023 жылы Бәйішев Университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2014 жылы Қостанай облысының Наурызым аудандық орталық ауруханасының дәрігері болып бастаған. 2015-2018 жылдары Қостанай онкологиялық диспансерінің дәрігері, №1 Ақтөбе қалалық емханасының дәрігері, Ақтөбе облыстық ауруханасының эпидемиолог дәрігері, Отбасылық медицина орталығының эпидемиолог дәрігері болып жұмыс істеген. 2018-2023 жылдары «Асыл-Мед» ЖШС-нің директоры, Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ АОФ сатып алу бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы қызметіне Арысұлан Айтбаев тағайындалды.

Арысұлан Айтбаев Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді маман 2009 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2009 жылы «БогомоловПректГрупп» ЖШС-нің жобалаушы инженері болып бастаған. Құрылыс, соның ішінде инженерлік желілер құрылысымен айналысатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінде түрлі лауазымда жұмыс істеген. 2023 жылдың қараша айынан бастап осы кезге дейін «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директорының орынбасары қызметін атқарып келді.

Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC компаниясының жаңа басқарушы директоры лауазымын Джанкарло Рую атқаратын болды.

Джанкарло Руюдың Қазақстанда және халықаралық ауқымдағы мұнай-газ кен орындарын басқару стратегиясы саласында жиырма жылдан астам тәжірибесі бар. Ол Италиядағы Пиза университетін бітіріп, «Азаматтық құрылыс» магистрі дәрежесін алған. Содан бері басқарушылық дағдысын жетілдіріп, мүдделі тараптармен берік қарым-қатынас орнату бойынша тәжірибе жинақтады. Ол түрлі өндірістік жобалардың барлау, игеру және пайдалану, сондай-ақ бизнесті дамыту жұмыстарының толық циклін қамтитын салаларына жауапты жұмыстарды атқарып келді.

Әр жылдары Абу-Дабидегі Eni/ADNOC бірлескен кәсіпорнында жерүсті операциялары бағдарламасының жетекшісі, «Eni Ghana» компаниясының басқарушы директоры, «North Caspian Operating Company» компаниясының 1-кезеңді әзірлеу жөніндегі директоры лауазымын атқарған. Осы кезге дейін «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» компаниясының бас директоры болған.


ПІКІР ЖАЗУ