Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

0
65

Өткен аптада елімізде орталық және өңірлік аппараттарда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Әсіресе тағайындаулардың басым бөлігі Абай облысында болды.

Абай облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Талғат Қаркенұлы Молдабеков тағайындалды.

Талғат Қаркенұлы 1969 жылы 20 маусымда Семей қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын «дәрігер кардиолог» мамандығы бойынша, 2021 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «іскерлік әкімшілік магистрі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Семей қаласының орталық қалалық ауруханасы кардиология бөлімінің дәрігері болып бастап, 2017 жылға дейін медицинаның түрлі салаларында маман болып жұмыс істеді. «Республикалық шұғыл медициналық көмек ғылыми орталығы» АҚ (Астана қаласы) кардиология бөлімінің меңгерушісі, «UMC» корпоративтік қорының Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығында (Астана қаласы) кардиология және неврология бөлімінің меңгерушісі, № 1 «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» ЖШС (Астана қаласы) терапия бөлімінің меңгерушісі болды.

2022 жылы Ұлттық ғылыми онкология орталығы көпсалалы терапия орталығының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Сондай-ақ, дәл осы 2022 жылы Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары болды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы болды.

Абай облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы болып Айман Нұрлыбек тағайындалды.

Айман Нұрлыбек 1989 жылы 13 сәуірде дүниеге келген. 2008 жылы Өскемен экономика және қаржы колледжін «Бағалау» мамандығы бойынша, 2011 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы «ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ статисті болып бастаған. «Шығыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау бақармасы» ММ агроөнеркәсіптік кешен және ауылдық аумақтар бөлімінде түрлі лауазымдарда еңбек еткен. 2014 жылы «Шығыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау бақармасы» ММ денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі және жастар саясаты бөлімінің бас маманы, 2014-2016 жылдары- «Шығыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ экономиканың базалық салалары және туризм бөлімінің бас маманы қызметтерінде болған.

2018-2020 жылдары — «Шығыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ экономиканың базалық салалары және туризм бөлімінің басшысы, 2020 жылдан 2022 жылға дейін Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жұмыспен қамту мәселелері бойынша басшысының орынбасары болды. 2022-2024 жылдары — «Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ басқарма басшысының орынбасары болып еңбек етті. Жаңа қызметке кіріскенге дейін «Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ басқарма басшысының міндетін атқарушы қызметін атқарды.

Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Ертай Мүбаракұлы Қуанбаев тағайындалды.

Ертай Мүбаракұлы Қуанбаев 1989 жылы 2 желтоқсанда дүниеге келген. 2008 жылы ШҚМУ колледжін, 2011 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген. 2021 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетін «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2012-2016 жылдары ШҚО, «Қаратал ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2016-2019 жылдары – Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау бөлімінің бас маманы, 2019-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығын дамыту және субсидиялау бөлімінің басшысы болды. 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бөлімінің басшысы болды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Абай облыстық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымына Анзор Абаев тағайындалды.

Анзор Абаев 1987 жылдың 26 қаңтарында Ақмола облысы Атбасар қаласында дүниеге келген.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «жерге орналастыру және кадастр», сондай-ақ 2012 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетін «Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі» бойынша аяқтаған.

2010 жылы Астана қаласының жер қатынастары басқармасында жастар парктикасымен тәжірибеден өтіп, еңбек шарты бойынша тіркеуші қызметін атқарған. Әр жылдары Астана қаласының жер қатынастары басқармасында, Астана қаласының жер қатынастары және жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасында әртүрлі бөлімдерде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2018-2022 жылдары Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы жер комиссиясының жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы болды. 2022 жылдан бастап Абай облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Абай облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып Айнұр Ерболқызы Ақмырза тағайындалды.

Айнұр Ақмырза 1987 жылы 10 желтоқсанда дүниеге келген. 2009 жылы Шығыс Қазақстан Д.Серікбаев атындағы мемлекеттік техникалық университетін «Тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша бітірген.

Ол 2009-2010 жылдары «Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ жастар іс-тәжірибесі бойынша тағылымдамадан өтуші, 2011 жылдан 2015 жылға дейін «Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-де әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Ал 2015-2022 жылдары «Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ экологиялық реттеу бөлімінің басшысы, «Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау бөлімінің бөлім басшысы болды.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Абай облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Алматы облысы әкімінің кеңесшісі лауазымына Айбар Теменов тағайындалды.

Айбар Талғатұлы Теменов 1983 жылы туған, білімі жоғары. 2004 жылы Бейжің педагогикалық университетінің қытай тілі және әдебиеті колледжін «қытай тілі және әдебиеті», 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «елтану», 2007 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «экономика» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының мәдениет, тілдерді дамыту, білім және спорт бөлімінің бас маманы болып бастаған. Әр жылдары Медеу ауданы әкімінің көмекшісі, Медеу ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы, Алматы қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, Kazakh-sino Silkway Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының кеңесшісі, Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, Әуезов ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді.

2022 жылғы қараша айынан 2024 жылғы сәуір айына дейін Алматы облысы туризм басқармасының басшысы болып қызмет атқарды.

Алматы облысы туризм басқармасының басшысы лауазымына Қуанышбек Мирамбекұлы тағайындалды.

Қуанышбек Мирамбекұлы 1993 жылы Алматы облысы Іле ауданында туған, білімі жоғары. 2012 жылы Сеул Кангнам университетінде адам ресурстарын басқару бағдарламасы бойынша курстан өткен, 2013 жылы Бамберг Отто-Фридрих университетінде алмасу бағдарламасы студенті болған, 2015 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетін «экономикажәне бизнес», 2016 жылы Орталық Азия университетін «заңтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Болашақ бағдарламасы бойынша 2022 жылы Лондон Корольдік колледжінде құқық мамандығы бойынша тағылымдамадан өткен.

Еңбек жолын 2012 жылы жеке кәсіпкер ретінде бастаған. Әр жылдары «Хит трэвэл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бухгалтерының көмекшісі, Астана қаласы бойынша сот сараптамалары институтының сарапшысы, ҚР Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығының кадрлық, заңдық қамтамасыз ету және құжат айналымы басқармасының басшысы, Қарағанды облысы бойынша сот сараптамалары институты директорының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді. 2022 жылғы тамыз айынан бүгінгі күнге дейін Алматы облысы әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің басшысы лауазымында қызмет атқарды.

Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып полковник Мұханов Мұрат Сейтмолдаұлы тағайындалды.

Мұрат Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Ол 2006 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын, 2020 жылы Ресей Федерациясындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың салдарын жою істері министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетін бітірген.

Алғашқы еңбек жолын Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасы нормативтік-техникалық бөлімінің инженері қызметінен бастаған. 2006-2010 жылдар аралығында мемлекеттік өрт бақылау бағыты бойынша әртүрлі лауазымда қызмет атқарды. Әр жылдары мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, бастығы, лауазымдарында қызмет атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.

Маңғыстау облысының туризм басқармасының жаңа басшысы қызметіне Нұрәділ Иманғалиев тағайындалды.

Нұрәділ Иманғалиев Астрахан мемлекеттік техникалық университетін «технологиялық процестер мен өндірістерді автоматтандыру» мамандығы бойынша, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «бизнес және басқару» мамандығының магистратурасын бітірген.

Еңбек жолын 2015 жылы Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы Дон тау-кен байыту «Қазхром ТҰК» АҚ филиалының комбинатында автоматтандыру инженері болып бастаған. 2016 жылы Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының инвестициялық және инновациялық саясат және сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің бас маманы болып тағайындалды. 2017 жылдың қарашасынан 2018 жылдың наурызына дейін мемлекеттік органдармен жұмыс департаментінде Ақтау теңіз порты бас менеджері болып жұмыс істеді.

2018 жылдың наурыз-қараша айлары аралығында Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының инвестициялық және инновациялық саясат және сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің бас маманы, 2018 жылы қараша айынан 2019 жылдың желтоқсан айына дейін Маңғыстау облысы әкімі аппаратының талдау және өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы болды. 2019 жылдың желтоқсан айынан 2020 жылдың қазан айына дейін Маңғыстау облысының Инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының инвестициялық-инновациялық саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

2020 жылдың қазан айынан 2022 жылдың ақпан айына дейін Маңғыстау облысының инвестициялар және даму басқармасы басшысының инвестициялық-инновациялық саясат пен туризмді дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. 2022 жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының инвестициялық-инновациялық саясат және сыртқы экономикалық қызмет мәселелері жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.


ПІКІР ЖАЗУ