ЕЛІМІЗДЕ ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚОЛДАУ КҮШЕЙЕДІ
Ел экономикасын қарқынды дамыту үшін ұзақмерзімді инвестиция құятындарға қолайлы жағдай жасалуы қажет.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Биыл 234 инвестициялық жоба іске асады. Оның жалпы құны 2 трлн теңгеден астам. Қазір инвесторлардың мәселелерін жедел реттеу бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Тағы 37 шетелдік компания Қазақсанға көшуді жоспарлап отыр. Еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы тартудың жаңа тетіктерін қарастыру қажет. Бұл мәселе Үкіметтің күн тәртібінен түскен емес. Бұл жөнінде Президент ұдайы айтып, тиісті тапсырма да берген болатын. Қазақстан отандық және шетелдік бизнеспен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Сондықан Үкімет инвесторларға жағдай жасап, алаңсыз жұмыс істеуіне жол ашпақ. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: – Сіздер мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейсіздер. Оған ешқандай күмән болмасын.
Керісінше, Үкімет сіздерге сенімді әрі ашық әріптес болады. Бұл мәселелерді шешу үшін Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Өткен жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған штабқа ерекше өкілеттіктер берді. Біз отандық және шетелдік инвестициялар ағынын арттыру үшін басқа да бастамаларды іске асыруға ниеттіміз. Яғни, инвесторлар жан-жақты ынталандырылады. Қазірден салықтық жеңілдіктер жасалып, қағазбастылықтан арылту жұмыстары жүріп жатыр.
Мәселен, инвестициялық жобаларды қолдайтын «Жасыл дәліз» жүйесі енгізіледі. Бұл арқылы ірі кәсіп иелері барлық қажетті рәсімдерден жедел және жеңіл өтеді. Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі: – Өйткені жеңілдік кезеңінің едәуір бөлігі жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарының кезеңдеріне сәйкес келеді.
Осылайша, корпоративтік табыс салығынан 10 жыл босатылғаннан кейін инвестор іс жүзінде 7-8 жыл ішінде, яғни объект пайдалануға берілгеннен кейін жеңілдіктер алады. Осыған байланысты инвестиция туралы келісім жасасу аясында жобаны іске асырудың нақты басталуына сәйкес корпоративтік табыс салығынан босатуды қолдану ұсынылады.
Үкімет басшысы инвесторларға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажеттігін айтты. Яғни, сатып алу рәсімдерінде отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін барынша арттыру керек.
Сәйкесінше қаржы құятын кәсіп иелері өнімділікті арттыру, еңбек қауіпсіздігін сақтау сынды талаптарға мығым болуы тиіс. Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: – Инвесторларға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет. Бұл мәселе тым созылып кетті. Әкімшілік рәсімдерге арналған цифрлық қызметтердің болуы инвесторлар үшін маңызды. Мысалы, қызметтерді «бір терезе» онлайн-механизмі арқылы қолжетімді етуге болады.
Біз мұны бұрыннан айтып келеміз. Бірақ нәтиже шамалы. Сондай-ақ Үкімет басшысы Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрлігіне қысқа мерзімде инвесторларды қолдауға қатысты нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Қазір Қазақстанда 30-дан астам елден шамамен 400 компания жұмыс істеп жатыр. Тағы 37 компания көшіп келмек.