Ішкі істер министрлігі Садықовты атты деген күдікке ілінгендерге қатысты түсінік берді

0
35

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдікпен ұсталған А. Жақанбаевқа қатысты түсінік берді,-деп хабарлайды politico.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер ІІМ өкілінен «күдікті Жақанбаев тергеу органдарына өзі берілді ме?» деп сұрады.

Өз кезегінде М. Қожаев күдікті Қазақстанның ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласқанын айтты.

«Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Арнайы прокурорлар осы іспен айналысып отыр. Ішкі істер министрлігі қазір жедел іздестіру қызметімен айналысып жатыр», — деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар ол екінші күдікті Мейрам Қаратаевты іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын нақтылады.

Биыл 22 маусымда Қазақстанның Бас прокуратурасы Киевте Айдос Садықовты атып кетті деп айыпталған күдіктілердің біреуі (Алтай Жақанбаев) қамалғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, 18 маусымда Киевте тұратын журналист Айдос Садықовты үйінің жанында әлдебіреулер атып кетті. Ол қазір ауруханада жатыр.

Украина прокуратурасы екі күдіктінің сол күні-ақ шекараны кесіп өтіп, елден кетіп қалғанын хабарлады.

Бас прокуратура Айдос Садықовты өлтірмек болғандарды табу үшін өз бетінше тергеу бастаған еді.

21 маусымда Ішкі істер министрлігі Айдос Садықовқа оқ атты деген күдіктінің Қазақстан полициясында жұмыс істемейтінін хабарлады.

Мемлекет басшысы қастандықты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр.


ПІКІР ЖАЗУ