Үкімет ауылға баратын жастарға 10 млн теңге төлеуден бас тартты

0
62

Қазақстанда бюджет қаржысына білдей 13 жоғары оқу орны «агроном» мен «ветеринар» даярлайды екен. Онда неге ауыл кәсіпкерлері бұл мамандарды күндіз шаммен іздеп таппай жатыр?

Біріншіден, депутаттардың мәліметінше, «ауылдық квотамен» түскен студенттердің ішінен тек әрбір төртіншісі диплом алуға – мәреге дейін жетеді екен. Қалғандарының ғылымды тәрк етуінің түрлі себебі бар, негізгісі – баспанасыздық, жатақхана жетіспеуі, елді қымбатшылық жайлауы салдарынан тапқан қаражатының тамағына жетпеуі.

Екіншіден, тіпті ЖОО бітіргендерінің көбісі ауылға қайтпайды. Түлектердің көпшілігі алған біліктілігіне сәй орын таппаса да, кез келген жұмысқа орналасып қалалық ортада қалуды қалайды. Неге қолында қолақпандай дипломы бар маман туған жерінен жериді?

Бірнеше жылғы ғұмырын сарп етіп, білім-білік игерген ол ауылға қайтса, өзін ілгері баспай, кері кеткендей сезінуі мүмкін. Өйткені ауылда мамандарға тиісті жағдай жасалмаған, тұрмыс төмен. Лайықты, ішінде дәретханасы бар баспана жоқ. Мансап сатысымен өрлеуді меритократия емес, рушылдық пен трайбализм, тұтас салаларды жайлаған әулеттер, жемқорлық шешеді. Тіпті жастардың көңіл көтеретін орындары, сауда, ойын-сауық орталықтары да жоқ.

Қазіргі заманның ақпараттық технологиялары ауыл шаруашылығына негізінен жетпеген. Көптеген елді мекенде жоғары жылдамдықты интернет жоқтың қасы. Көлік және әлеуметтік инфрақұрылым дұрыс жетілмеген. Қысқасы, «Дипломыңды ұстап, ауылыңа бар!» дегенде, «Жоқ!» деп кесіп айтуға себебі көп. Түлектердің ауылда жұмыс істеуге қызығушылық танытпауының негізгі факторлары осылар.

Салдарынан, Үкімет қанша күш салып, ақшамен ынталандыруға тырысса да, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер арасынан ауылдық жерлерге барған мамандардың саны 2020 жылғы 6,1 мыңнан 2022 жылы айтарлықтай – 5,3 мың адамға дейін азайып кетті.

«Бірақ бұл шаралардан жақсы нәтиже көріп тұрған жоқпыз. Түлектер ветеринар, агроном мамандықтарына оқуға түскенімен, бір-екі курстан соң басқа мамандыққа немесе басқа оқу орындарына ауысып кетеді. Тіпті мамандығын бітірсе де ауылға барғысы келмейді. Оқу бітірген мамандардан: «Ауылға барасың ба?» деп сұрасаң, «Ауылда не істеймін, дұрыс жағдай жоқ онда!» деген жауап аласың. Телеарналардан көрсететін дамыған ауылдар бірен-саран ғана. Мамандарды ауылға тарту үшін, ауылдық агроөнеркәсіпті, ветеринарияны, мал шаруашылығын дамыту үшін, оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, технологиялық жабдық, қаржы, ақпарат және басқа ресурстармен қамту керек», – делінген «Ауыл», «AMANAT», «Қазақстан халық партиясы» және «Respublika» фракциясы депутаттарының Үкіметке жолдаған бірлескен сауалында.

Осы партиялардың депутаттары Үкіметке бірнеше ұсыныс енгізді. Біріншіден, ауылдан мемлекеттік грантпен түскен түлек оқу бітіргеннен кейін міндетті түрде ауылға барып қызмет етуі керек. Депутаттар оны өзін оқытуға кеткен бюджеттің шығыстарын 7 жыл жұмыспен өтеуге міндеттеуді сұрады.

Екіншіден, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы оқыған мамандар тұрғын үймен толықтай қамтамасыз етілсін.

Үшіншіден, оқу орнын бітіріп ауылға барған кез келген маманға 10 миллион теңгеден қайтарымсыз көтерме ақы берілсін. Оның үстіне ол қаржыны жұмсау аясы шектелмеуі керек: ол ақшаға тұрғын үй алады ма, мал сатып ала ма, ветеринарлық клиника аша ма, болмаса жылыжай сала ма, өзі білгені жөн.

Тек сонда ғана ЖОО түлектерінің ауылда жұмыс жасауға қызығушылығы туады және өз елінде қызмет етеді.

Үкімет не дейді?

Үкімет депутаттардың жаңа ұсыныстарының ешқайсысын қабылдамады. Бұл шешімін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың өзі хабарлады.

«Агроөнеркәсіп кешені мамандарына жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінетін көтерме жәрдемақы мөлшері қазіргі уақытта 100 АЕК-ті немесе 2024 жылы 369 мың теңгені құрайды. Оның көлемін 10 миллион теңгеге дейін ұлғайтсақ, бұл бюджетке айтарлықтай жүктеме түсіреді. Бұл ретте еліміздегі төтенше су тасқыны жағдайында зардап шеккендерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қажеттігіне байланысты бюджет қаражатын үнемдеу міндеті тұр», – деді Премьер-министр.


ПІКІР ЖАЗУ