Кітап жазатын адамдарға Үкімет қаламақыға қосып, арнайы грант бермек
Мәдениет және ақпарат министрлігі «ҚР мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы» ел Үкіметінің жаңа қаулысының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға ұсынды.
Құжатқа сәйкес, Қазақстанда 23 сәуір – «Ұлттық кітап күні» деп жарияланады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның түсіндіруінше, бұл – «ел Президенті Қ.Тоқаевтың 2024 жылғы 15 наурыздағы ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасы».
Жаңа мереке кітап пен кітапхана саласында қордаланған проблемаларды тегіс шешпегенімен, соған билік пен халықтың назарын аудартуда маңызды рөл атқаруы мүмкін.
Осы орайда Үкімет басшысының әлеуметтік-мәдени салаларға жауапты орынбасары Тамара Дүйсенова халық, әсіресе, жас ұрпақ арасында кітапты дәріптеу бағытында мемлекет не істеп жатқанын айтып берді.
Мысалы, республикада 1 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдарда әмбебап орталықтарды ашу жоспарлануда. Оның ішінде кітапханалар мен кинозалдар болады. Жұртшылығы аз ауылдарға көшпелі кітапханалар жіберіп тұру тәжірибесі қайта жандандырылмақ.
«Қазіргі уақытта қазақстандықтардың кітапханаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өңірлік стандарттар әзірленді. Оның аясында ауылдардан бастап, облыс орталықтарына дейін мәдениет объектілеріне, соның ішінде 3 мыңнан астам кітапханаға инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде 7,6 миллион ауыл тұрғынын кітапхананың норматив желісімен қамту үшін келесі 2025 жылдан бастан кезең-кезеңімен қажетті шаралар қабылданатын болады», – деді Т.Дүйсенова.
Ол қандай шаралар?
Біріншіден, вице-премьердің мәліметінше, мәдениет саласының әртүрлі бағыттарын бір орданың шаңырағы астында біріктіру үшін халық саны 1 000 адамнан асатын ауылдарда «көп функционалды орталықтар» салынады. Ол мәдени-демалыс объектілерін, кітапхананы және кинозалды қамтиды.
Екіншіден, халық саны 1 000 адамнан аз елді мекендерге жылжымалы кітапхананың баруы жолға қойылмақ.
Үшіншіден, мәдениет объектілері мүлдем жоқ ауылдарда мектеп кітапханаларының әлеуетін пайдалану жоспарланыпты. Сонда қалай, ауыл тұрғындары оқушылармен қатар отыра ма? Тамара Дүйсенованың дерегінше, үшінші тәсілде тек оқушылармен жүктелуі 50%-ға да жетпейтін, жарым-жартылай бос қалған білім ордалары пайдаланылады.
Халықтың оқуды қойып кетуіне қалаларда, ауыл-аудандарда баспа өнімдерін, газет-журналдарды сататын дүңгіршектердің жаппай жойылуы да ықпал етті. Бұрын олар ірі қалалардың әрбір ауданында болатын, бүгінде күндіз шам алып жүріп табу қиын. Сауда орындарында қалғаны негізінен ресейлік газет-журналдарды сатады. «Меломан» сияқты кітап дүкендерінің желілері кітаптардың бағасын қымбаттатып жіберді.
Вице-премьер бұл құбылысты енді кері қайтару мүмкін емес деп отыр. Соған талпыныс жасалыпты, ештеңе шықпаған екен. Үкіметке «бірыңғай үлгідегі туристік дүңгіршектер желісін құруға қатысты» түрлі ұсыныстар түсті. Мысалы, Түркияны, Еуропа елдерін, өзге озық мемлекеттерді аралаған қазақстандықтар олардың бәрінде кітап, газет-журнал сататын дүңгіршектер көшелерде жиі кездесетінін байқап жүр. Оларда сондай-ақ сусындарды, тіскебасар жеңіл тағамдарды, қоғамдық көліктің пластик картасын, қаланың көрнекті орындары картасын сатып алуға болады.
«Қазақстанда мерзімді баспа басылымдарын сатудың түрлі тиімді жолдары қарастырылды. Атап айтқанда, өңірлерде баспа өнімдерін сату үшін объектіні – павильондарды жалға беру бойынша 10 конкурс-тендер жарияланды. Алайда кәсіпкерлерден өтінім түспеуіне байланысты конкурс өтпеді деп танылды. Сонымен қатар газет-журналдарды сататын вендингтік аппараттар түріндегі баламасы қарастырылды. Бірақ коммерциялық есептер қорытындысы олардың өзін-өзі ақтамайтынын көрсеткендіктен, вендингтік аппараттарды сатып алу мен ашу орынсыз деп танылды», – деді Тамара Дүйсенова.
Үкімет, оның айтуынша, баспа өнімдерін, газет-журналдар сататын бірыңғай үлгідегі туристік дүңгіршектер желісін құруға қатысты басқа да тәсілдерді қарастыра беретін болады.
«Зиялы ұлт болудың алғышарты – кітап оқитын елге айналуда екенін Президент биылғы құрылтайда баса айтты. Осыған орай, елімізде кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру үшін Ұлттық кітап күні белгіленеді. Қазіргі кезде осы атаулы мерекені барынша мазмұнды етіп өткізудің Тұжырымдамасы әзірленуде. Тұжырымдамада еліміздің барлық өңірінде шығармашылық зиялы қауыммен жұмысты жандандыру, кітап көрме-жәрмеңкелері, фестивальдер және өзге де мәдени-ағартушылық шаралар көзделеді. Бүгінде халық арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырманды кітапханаға тарту бойынша кешенді жұмыстар Мемлекет басшысының құрылтайда берген тапсырмасы аясында жалғастырылатын болады», – деді Тамара Дүйсенова.
Ол жазған кітабын мемлекет есебінен шығарғысы келетін азаматтарға жақсы жаңалығын жеткізді. Бүгінде кітабы бюджет қаражатына басылған авторларға баспаханалар 200–400 мың теңге аралығында қаламақы немесе мемлекет бөлген сол сомаға сай кітабының данасын беріп, есептеседі. Бұл қайта өскендегі түрі. Қаламақы алда тағы артуы мүмкін.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «қоғамдық маңызы бар әдебиетті» сатып алу, басып шығару және тарату қызметін іске асырады. Бұл ретте ведомство «Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және оны басып шығару жөніндегі қағидаларын» басшылыққа алады.
«Қазіргі таңда аталған қағидаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа қағида бекітілгеннен кейін қаламгерлер қаламақы, қайта басып шығару бағыттарынан бөлек, жаңа туындысын кітап ретінде басып шығарып, кітап дүкендеріне сатылымға қоюға арнайы грант алатын болады. Авторлық құқығы автордың өзінде қалады. Бұл қаламгерлер мен баспагерлерге елеулі қолдау болмақ», – деді вице-премьер Т.Дүйсенова.
Айта кетер жайт, қазіргі уақытта Қазақстандық ұлттық электронды кітапханасы порталы жұмыс жасайды. Электронды кітапхана қорына 72 602 құжат жүктелген. Арасында кітаптар, мерзімді басылымдар, диссертациялар, ноталар, аудио-видеофайлдар, карталар бар.
Онда араб, парсы, татар, шағатай тіліндегі қолжазбалар мен төте жазумен басылып шыққан 10 мыңнан аса сирек кітаптар мен қолжазбалар бар. Қазақтың әндері мен күйлері, батырлар жырлары аудионұсқада берілген. Жүктелген құжаттар 64 тілді қамтиды. Кез келген пайдаланушы интернет желісі арқылы электронды кітапхана порталына тіркелусіз, еркін, авторизациясыз кіріп, толық мәтінді құжаттармен танысып, оқи алады. Порталдың көзі нашар көретін жандарға да бейімделген функциясы жасалған.
Алдағы уақытта аталған порталға барлық білім беру ұйымының, оның ішінде мектептердің, колледждердің, жоғарғы оқу орындарының кітапханаларын қосу жоспарлануда екен. Дегенмен, әзірге бұл электронды кітапханаға кірушілер қатары аз. Кешегі бір тәулік ішінде 213 адам бас сұғыпты.
Әрине, ең бастысы, жас ұрпақтың кітапқа қызығушылығын оятқан маңызды. Онсыз болашақ Қазақстан кітап қарамайтын болады. Бұл бағытта «Барлығына қолжетімді сапалы білім беру» ұлттық баяндамасы әзірленді және құжат Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрліктерінің біріккен алқа отырысында мақұлданды.
Онда қосымша білім беру сапасын, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мәселелері қарастырылған. Аталған бағыттар «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» енгізілуде.
Бұған қоса, балаларды оқуға ерте жастан тарту, оқу дағдыларын қалыптастыру, оқу сауаттылығын дамыту үшін балабақшаның, бастауыш және орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары жаңартылатын болады. Оны 2026 жылдан бастап енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ, өңірлерде оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған «Оқу мектебі», «Менің отбасым – оқу отбасым» жобалары іске асырылуда.
Ағымдағы 2023–2024 оқу жылының ІІ тоқсанынан бастап оқушылар арасында барлық мектеп пен балабақшада кітап оқуды насихаттайтын, оқушылардың оқу мәдениетінің деңгейін және оқу белсенділігін арттыруға бағытталған «8 минуттық оқу» жобасы іске қосылды.
«Балалар кітапханасы» бағдарламасы және «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылуда. Аталған бағдарламаны іске асыру аясында мектеп кітапханаларының оқырман санын 1 миллион оқушыға дейін көбейту, ал, мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиеттің негізгі қорын 143 миллион дана кітапқа жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы мектептерде кітап оқуға бағытталған 40-тан астам жобаны сүйемелдеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Кітап дегенде кітапхана, кітапхана дегенде кітапханашы еске түседі. Кітапханашылардың басты бір проблемасы – жалақының аздығы. Салдарынан, саланы кадр тапшылығы және кадрлардың кетуі проблемасы қатар жайлаған. Ресми дерек бойынша 2022–2023 жылдары кітапханашылардың жалақысы 20%-ға көтеріліпті. Сөйтіп, бүгінге олардың орташа жалақысы 170 мың теңгені құрайды.