Тарихшы: Алтын Орда мұрагерлерінің ішінде жалғыз Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қалды

13.09.2026 02:03 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тарихшы: Алтын Орда мұрагерлерінің ішінде жалғыз Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қалды
184
Фото: видеодан скриншот

Жошы ұлысының тарихын зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл Алтын Орданың тарихи мұрасы мен оның қазіргі мемлекеттерге қатысы туралы пікір білдірді. Ғалым өз сөзінде бұл мемлекеттің жалғыз мұрагері болмайтынын, алайда қазақ халқының тарихи жауапкершілігі өзгелерден жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Алтын Орданың зерттелу барысы мен халықаралық деректердегі атауларына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ғалым бұл туралы Qalam Tarih подкастында әңгімеледі.

Тарихшының айтуынша, Алтын Орда мемлекетінің мұрасы бірнеше этносқа ортақ болып саналады. Бұл ретте ол қазақтармен қатар біршама халықтардың тарихи сабақтастығы бар екенін айтады. Дегенмен, мемлекеттілігін сақтап қалған жалғыз ел ретінде Қазақстанның орны ерекше екеніне назар аударады.

«Соңғы кезде бұл сұрақ жиі қойылып жүр. «Алтын Орданың нақты мұрагері кім?» дегенге келсек, бұл қатарда, әрине, Қазақстан, Қазақ хандығы, яғни қазіргі Қазақстан Республикасы бар. Бірақ бір жайтты ашып айтқан жөн: қазақтарды Алтын Орданың жалғыз мұрагері деуге болмайды. Себебі ол ұлыстан, Алтын Ордадан тараған бірнеше қазіргі халық бар. Оның ішінде қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырым татарлары, сондай-ақ өзбектер (тарихта 92 баулы өзбек руларына бөлінген) бар. Сондықтан қазақтарды «жалғыз мұрагер» деп кесіп айту дұрыс емес. Дегенмен Алтын Орданың құрамында болған негізгі халықтардың ішінен тек қазақтар ғана бүгінде өз Тәуелсіздігін сақтап қалды. Бұған дейін бір сұрағанда: «Біз жалғыз мұрагер емеспіз, бірақ біздің жауапкершілігіміз ерекше», — деп атап өткен едім», — деді Еркін Әбіл.

Сонымен бірге ғалым өзбек халқының қалыптасу тарихындағы этникалық ерекшеліктерді де түсіндіріп өтті. Оның сөзінше, бұл этностың негізгі тамыры Ұлы ұлысқа емес, жергілікті отырықшы халықтарға барып тіреледі. Осы орайда тарихшы Алтын Орда мұрагерлері арасындағы қазақ халқының мемлекеттік жауапкершілігіне қайта тоқталды.

«Ал өзбек халқының кейінгі қалыптасуына келсек, қазіргі өзбектердің негізгі этникалық тамыры ол ұлысқа барып тірелмейді. Қазіргі өзбектердің шығу тарихына үңілсек, олардың негізін Сыр мен Әмудария өзендерінің аралығын мекендеген жергілікті халық құрайды. Олар парсы тілді болып, кейіннен түркіленген, құрамына қарлұқтар мен басқа да топтар кірген. Ал даладан келген 92 баулы өзбектер соңғы толқын ретінде ғана қосылып, «өзбек» деген атауды ала келді. Олардың этникалық тамырында Алтын Ордамен байланыс болғанымен, ол негізгі фактор болып саналмайды. Сондықтан негізгі мұрагер халықтар — башқұрттар, татарлар, қарақалпақтар және қазақтар. Соның ішінде тек қазақ халқында ғана тәуелсіз мемлекет бар. Сол себепті біз жалғыз мұрагер болмасақ та, мойнымыздағы жауапкершілік салмағы өте жоғары», — деді Еркін Әбіл.

Тарихи сананы жаңғырту мен археологиялық деректерді ғылыми айналымға енгізу мәселесі де сөз болды. Тарихшы мемлекеттің әртүрлі кезеңдердегі ресми атаулары мен Юань әулетінің құлауынан кейінгі өзгерістерді баяндады. Сондай-ақ ол шетелдік дереккөздерде кездесетін «Қыпшақ патшалығы» деген атаудың мән-жайын түсіндірді.

«Біз ең алдымен өз тарихи санамызда Алтын Орданың орнын қалпына келтіруіміз керек. Сондай-ақ осы мемлекеттің бай тарихын бүкіл әлемге таныту — басты міндетіміз. Әрине, мұның барлығының ғылыми негізі бар. Жалпы, бұл бұрыннан айтылып келе жатқан, кеше ғана басталған тақырып емес. Археологтар соңғы 20-30 жыл көлемінде Алтын Орданың бай қалалық мәдениеті болғанын дәлелдеп келеді. Ал біздің осы мәселеге мән беріп, түп-тамырымызды түгендей бастағанымызға соңғы 10 жылдай ғана уақыт болды. «Алтын Орда» — халықаралық деңгейде кеңінен танылған атау. Біз жеті томдық дайындаған кезде бұл төңіректе біраз пікірталас болды. Бірақ бұл атау да мемлекет тарихының кейінгі кезеңінде пайда болды. Бастапқыда «Жошы ұлысы» деп аталды. Әсіресе Юань әулеті құлағаннан кейін бұл атау ерекше мәнге ие болды. Себебі Юань әулеті Шыңғыс ханның қара шаңырағы саналатын ең үлкен әулет еді. Ол құлаған соң, Алтын Орда хандары, яғни Бату ханның әулеті, өз мемлекетін «Ұлы ұлыс» деп атай бастады. Осылайша бұл өркениеттік бірлестік «Ұлы ұлыс» атауын иеленді. Десе де, «Жошы ұлысы» атауы мемлекет ыдырағанға дейін қатар қолданылып келді. Тағы бір қызықты жайт: шетелдік деректерде біз жиі қолданбайтын «Қыпшақ патшалығы» немесе «Қыпшақ хандығы» деген де атаулар кездеседі. Мысалы, Корея мен Жапония ғалымдары бұл мемлекеттің тарихын зерттегенде «Қыпшақ патшалығы» деп жазады, сондай-ақ «Дешті Қыпшақ» ұғымын жиі пайдаланады», — деді Еркін Әбіл.

Войдите, чтобы оставить комментарий