Корея Қазақстанға не береді: Бектенов Корея Президентімен жобаларды талқылады

0
2529

Астанада Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен кездесу өткізді,-деп хабарлайды politico.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Юн Сок Ёльдің келіссөздері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі іске асыру мәселелері талқыланды. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өнеркәсіп, энергетика, авиация және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды күшейтуге назар аударылды.

«Қазақстан сауда-экономикалық әріптестікті дамытуда үлкен перспективаларды көріп отыр. Екіжақты ынтымақтастықтың серпінді дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды жүзеге асыруға бірден кірісуге дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан энергетика, сирек кездесетін жер металдарын игеру және қайта өңдеу, инфрақұрылым, автомобильдер мен олардың компоненттерін өндіру, су ресурстарын тиімді пайдалану, қаржы және басқа да перспективалы салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

Өңдеу секторын дамыту — Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатындағы Қазақстан Үкіметі жұмысының басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда корей компанияларының қазақстандық машина жасауды дамытуға инвестиция салуының жоғары көрсеткішіне қол жеткізілді.
Елімізде автомобиль кластерлері құрылуда, құрамдас бөлшектер өндірісін ретке келтіру жоспарлануда. Мысалы, Алматыда Hyundai маркалы автомобильдерді шағын тораптық құрастыру, Қостанай облысында KIA бренді автомобильдерінің өндірісі, Семей қаласында Daewoo Bus Global автобустарының бірлескен өндірісі жолға қойылған. Жақын арада кореялық компаниялар Қазақстанда автомобильдерге арналған орындықтар мен мультимедиа шығара бастайды.

Таяуда қол қойылған келісімдерді ескере отырып, кореялық компаниялардың қатысуын одан әрі кеңейту және ірі корпорациялардың өндірісін локализациялау үшін жаңа перспективалар ашылуда.

Қазақстанның Оңтүстік Корея технологияларын қолдана отырып, электрокарларға арналған аккумуляторларды өндіруге қызығушылығы бар. Олжас Бектенов автомобиль өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кореялық тарап еліміздің автомобиль өнеркәсібі үшін қазақстандық кадрлар даярлау ісіне көмектесуге мүдделі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан мен Корея басым салаларда технологиялармен алмасуды және жобаларды бірлесіп іске асыруды жандандыруда. Қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және жою саласында қоқыс өңдеу зауытын салу жобасы перспективалы болып отыр.
Металлургия саласында ферроқорытпалар өндірісін жолға қою керек. Геология саласында сирек кездесетін жер металдарын бірлесіп өндіру және қайта өңдеу қажет, сондай-ақ кейіннен өзара тиімді шарттарда Кореяға жеткізілетін жоғары өңделген өнімдерді Қазақстанда шығару саласында ынтымақтастық орнату көзделген.

Сутегі энергетикасы да ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының біріне айналуы мүмкін. Өз кезегінде, лифт жабдықтарын өндіруді локализациялау құрылыс нысандарының қауіпсіздігін арттырады. Авиацияда мәдени-гуманитарлық байланыстар мен іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында жаңа жолаушылар әуе бағыттарын ашу мәселесі пысықталады. Бұл өткен жылы Қазақстанға келген корейлік туристер санының екі есе артуына байланысты қажет болып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ