Алматыда мұғалімдер оқушыларды флешмоб үшін суықта ұзақ ұстаған

Алматыда мұғалімдер оқушыларды флешмоб үшін суықта ұзақ ұстаған
14.10.2025 16:56
0
51

Әлеуметтік желіде ата-аналар Алматыдағы 117 мектепте күздің суық күнінде оқушылардың флешмоб үшін далада ақ жейдемен ұзақ уақыт тұрғанына шағымданды. Ұстаздар сырт киімде жүріп, ал жеңіл киімдегі оқушыларды блогер мен оператор келгенше күттіріп қойған деп хабарлайды POLITICO.KZ  

Ата-аналардың шағымы төмендегідей:

“Оқушыларды видеоға сағат 13:00-де түсіріп бастауы керек болған. Бірақ балалар 13:50-ге дейін, яғни 50 минут бойы мобилограф пен блогердің келуін күткен. Осы уақыт ішінде балалар сыртта, ауа температурасы +14°C болып тұрғанда, күртесіз, тек жейде киіп тұрған. Ал мектеп әкімшілігі сол уақытта өздері күрте, тіпті кейбірі тон киіп алған. Балаларды суықта бір сағатқа жуық уақыт бейнежазба үшін тұрғызып қою дұрыс па? Ұйымдастырушылар қайда қарап отыр? Бұл енді баланы қорлау сияқты”, – деп жазды ата-аналар. 

Өзге ата-аналар да мектептің бұл әрекетін сынға алды. 

"Қазір мектептер әлеуметтік желіде парақша жүргізуді сәнге айналдырды. Балаларды түсіріп, фото-видеоларын жүктейді. Меніңше, мектептерге ондайды жасауға тыйым салу керек", "Менің терезем тура мектеп ауласына қарап тұр. Балалардың жеңіл киіммен жел өтінде тұрғанын көріп, өзім де жағамды ұстадым” , “Тағы сәл ғана шыдаңдар“ деген сөзді кемі 10 рет естідім. 2025 жылы бұл флешмоб кімге керек?!", "Директорды жазалау керек. Балалар мал емес қой!", – дейді әлеуметтік желі қолданушысы

Осы жайтқа байланысты Алматы қаласы №117 жалпы білім беретін мектеп әкімшілігі мынадай пікір білдірді:

“Мектеп өміріне бейжай қарамай, назар аударғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Аталған іс-шара мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай өткізілгенін хабарлаймыз.
Флешмобты түсіру уақыты 15 минуттан аспады. Іс-шара өткізілген сәтте ауа температурасы +16 °C шамасында болды. Бұл ашық ауада қысқа мерзімді іс-шара өткізуге арналған санитарлық талаптарға сай келеді. Мектеп әкімшілігі қолдау мен сенім білдіргендерге алғыс айта отырып, алдағы уақытта мұндай іс-шараларды ұйымдастыруда барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескеретінін хабарлайды”, – деді мектеп әкімшілігі.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий