Антирекорд: Қазақстан жалақының өсімі бойынша ТМД-да ең соңғы орында

Finprom.kz сараптамалық порталының зерттеуінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан нақты жалақының өсімі бойынша ТМД елдері арасында соңғы орын алған. Бұған елдегі жоғары инфляция себеп болған, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
ТМД Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда нақты жалақы индексі небәрі 100,3%-ды құраған. Бұл қазақстандықтардың жалақысының сатып алу қабілеті өткен жылдың деңгейінде қалды дегенді білдіреді.
Салыстырмалы түрде, бұл көрсеткіш бойынша ТМД-да Тәжікстан көш бастап тұр (119,9%), одан кейінгі орындарда Беларусь (111%) пен Қырғызстан (111,1%) орналасқан.
Бұл жағдайға екі негізгі фактор әсер еткен. Біріншісі – номиналды жалақының өсу қарқыны. Қазақстанда бұл көрсеткіш 110,7%-ды құрап, ТМД елдері арасында орташа деңгейде болды. Алайда, доллармен есептегенде Қазақстанның орташа айлығы (849 АҚШ доллары) ЕАЭО елдері ішінде Ресейден кейінгі екінші орында тұр.
Екінші және негізгі фактор – инфляция. 2025 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда тұтыну бағаларының индексі 107% болып, ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткішке жетті. HalykFinance сарапшыларының пікірінше, инфляциялық қысымға ұлттық валюта бағамының әлсіреуі мен коммуналдық қызметтер тарифінің айтарлықтай өсуі себеп болған.
Сонымен қатар, елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінің бір жарым жылдан астам уақыт бойы өзгеріссіз қалуы (85 мың теңге) жағдайды одан әрі қиындатуда. Осы уақыт аралығында басқа ТМД елдері ең төменгі жалақыны 10%-дан 33,3%-ға дейін көтерген. Жоғары инфляция аясында Қазақстандағы ең төменгі жалақының сатып алу қабілеті іс жүзінде төмендеген.
Соңғы жаңалықтар





