Ақтөбеде ақша бопсалаған мектеп директоры сотталды

30.01.2026 14:39 Арман Ермеков Арман Ермеков
Ақтөбеде ақша бопсалаған мектеп директоры сотталды
178
Фото: depositphotos.com

Ақтөбеде мемлекеттік сатып алу шарты бойынша жұмыстарды кедергісіз қабылдау үшін мердігерден ақша бопсалаған мектеп директоры сотталды, деп хабарлайды Politico.kz

Бұл іс №2 Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Сот алдында Міржақып Дулатұлы атындағы №63 мектеп-лицейінің директоры Алима Айзақова жауап берді. Оған Қылмыстық кодекстің пара алу бабы бойынша айып тағылды.

Іс материалдарына сәйкес, былтыр жазда ғана басшылық қызметке тағайындалған Алима Айзақова білім ошағындағы интернет жүйесін жөндеу мақсатында конкурс жариялаған. Құны бар болғаны 339 876 теңгені құрайтын бұл тендерді «Аманов» жеке кәсіпкерлігі ұтып алады. Тараптар келісімшартқа отырып, мердігер интерактивті тақтаны жөндеу және Ұлттық куәландырушы орталықтың сертификатын қондыру жұмыстарын мойнына алады. Аталған тапсырысты ерлі-зайыпты кәсіпкерлер бірлесіп атқарған.

Алайда жұмыс барысында кейбір тұстар техникалық талаптарға сай келмей қалған. Осыны желеу еткен мектеп директоры кәсіпкерді жосықсыз қатысушы деп тануға болатынын ескертіп, орындалған жұмыс актісіне қол қоюдан бас тартады. Құжаттарды кедергісіз рәсімдеу үшін Алима Айзақова кәсіпкермен оңаша кездесіп, 300 000 теңге көлемінде пара сұраған.

Келіссөз кезінде кәсіпкер сұралған соманы 250 000 теңгеге дейін түсіруді өтінеді. Айта кететін жайт, осы уақытта мердігер өзіне жүктелген міндетті толық орындап, интерактивті тақтаны іске қосып қойған болатын. Соған қарамастан басшы актіні бекітпеген. Амалы таусылған кәсіпкер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облыстық департаментіне жүгініп, болған жайтты баяндап береді. Нәтижесінде оған арнайы белгісі бар 230 000 теңге беріліп, кәсіпкер өз қалтасынан 20 мың теңге қосып, келісілген қаражатты мектеп директорының қызметтік кабинетінде табыстаған. Ақшаны алған сәтте Айзақованы құрықтаған.

Сот отырысында Алима Айзақова тағылған айыпты толықтай мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Сот үкімімен мектеп директоры кінәлі деп танылып, оған пара сомасының 30 еселенген мөлшері түрінде айыппұл салынды. Енді сотталушы мемлекет қазынасына 7,5 миллион теңге төлеуге міндетті. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Бұдан бөлек, сот Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысына қатысты жеке қаулы шығарды. Басқарма басшысына қарамағындағы қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын тиісті деңгейде жүргізбегені үшін ескерту жасалып, жағдайды реттеу тапсырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, өткен жылда Ақтөбеде бір топ мектеп директоры пара алғаны үшін сотталған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий