Бауыржан Байбектің әкесі Ақмола облысында комбинат ашты

06.05.2026 14:07 Арман Ермеков
Бауыржан Байбектің әкесі Ақмола облысында комбинат ашты
2972
Бауыржан Байбектің әкесі Ақмола облысындағы ірі кен орнында комбинат ашты / Фото: ZTB

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке тиесілі кәсіпорын Ақмола облысында жаңа тау-кен байыту комбинатын іске қосты, деп хабарлайды Kursiv.media.

Сәуір айының соңында Зеренді ауданындағы Алексеевка кен орнында «Qazaq Kaolin» комбинатының құрал-жабдықтары техникалық сынақтан өтті. Бұл жоба Қыдырғали Байбек пен оның серіктесі Бекзат Керімбайға тиесілі.

Кезінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бір сыныпта оқыған Қыдырғали Байбек осы компанияның тең құрылтайшысы болып отыр. Ал Бекзат Керімбай елордалық «Aray Media Group» қорын басқарады, оның жалғыз иесі бұрынғы әкімнің қарындасы Айгүл Байбек екені белгілі.

«Qazaq Kaolin» бас директоры Марат Хасенов зауыт байытылған каолин өндіруге бағытталғанын мәлімдеді. Қазір кәсіпорында негізгі технологиялық желілерді тексеріп, өнімнің алғашқы партиясын шығарды. Нысанда неміс мамандары жабдықтарды іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Фабриканың өндірістік қуаты 230 мың тонна шикізат пен жылына 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин құрайды. Сонымен қатар жоба аясында төрт фракциялы кварц құмын шығару жоспарланған. Жабдықтарды Германиядан, Қытайдан және Ресейден алдырдық, ал металл құрылымдарын Теміртау зауыты жасап шығарды, негізгі құрылысты қарағандылық «AsiArt» компаниясы жүргізді. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрады», – деді Марат Хасенов.

Комбинат құрылысы 2025 жылдың тамыз айында басталған. Қазір мұнда 53 адам еңбек етеді, ал өндіріс толық қуатына көшкенде жұмысшылар саны 90-ға жетеді. Техникалық іске қосу шарасына Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин, жергілікті билік өкілдері мен ауыл ақсақалдары қатысты. Зауыттың толық іске қосылуы 2026 жылдың шілде айына жоспарланған.

Зертханада дайындалған алғашқы өнімді компания сынақтан өткізу үшін шетелдік клиенттерге жіберді. Керамика бұйымдары мен шыны өндіруге қажетті каолин шығаратын бұл кен орны әлемдегі ең ірі орындардың бірі саналады.

Бұған дейін әкімдік зауыттың энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуға 650 млн теңге бөлгенін хабарлады. Бұл қаржы трансформаторлық станцияның қуатын үш есе арттырып, жақын маңдағы ауылдарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге көмектесті. Газ бен Қытайдан келетін жабдықтар қосылған соң барлық процесті реттеу үшін фабриканы тест режимінде іске қосу көзделіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий