Бауыржан Момышұлының «Алтын жұлдызы» отбасына табысталды
Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына тиесілі жоғары мемлекеттік наградаларды оның туыстарына табыс етті, деп хабарлайды Politico.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңында Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында даңқты қолбасшыға «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Президент атынан тапсырылатын айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін батырдың келіні Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан Момышұлы қабылдап алды.
Салтанатты шарада сөз алған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин халықтың даңқты қолбасшыны әрдайым қастерлейтінін жеткізді.
– Халқымыз Бауыржан Момышұлын әрдайым батыр деп біледі, қаһарман деп қастерлейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы шешімі халықтың оған деген ыстық ықыласын одан әрі арттыра түсті. Ең бастысы, көптен күткен тарихи әділдік қалпына келтірілді, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ ол Бауыржан Момышұлының өмір жолы өскелең ұрпақ үшін қайсарлық пен өр мінездің нағыз үлгісі екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар