Депутаттарға мінберді жеке мақсатына пайдалануға тыйым салынды

05.05.2026 16:29 Арман Ермеков
Депутаттарға мінберді жеке мақсатына пайдалануға тыйым салынды
1084
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда Ұлттық құрылтай мүшелеріне арналған жаңа әдеп қағидалары әзірленіп, халық қалаулыларына мінберді жеке басының мақсатына пайдалануға қатаң шектеу қойылды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа заң депутаттардың жиындардағы және жалпы көпшілік алдындағы іс-әрекетін қатаң реттейді. Бұдан былай олар мінберді жұмысқа қатысы жоқ жеке үндеулер үшін қолдана алмайды.

Мұндай шектеулер Парламенттегі бірнеше шулы оқиғадан кейін енгізіліп отыр. Бұған дейін Мәжіліс депутаты әрі аралас жекпе-жек шебері Ардақ Назаров ресми мінберден анасын туған күнімен құттықтаған еді, ал жаңа ереже бойынша күн тәртібінен осылай ауытқығандар жазаланады.

Сондай-ақ дөрекі сөздер айтуға, балағаттау ишараттарын көрсетуге, қорқытып, негізсіз айыптауға тыйым салынды. Жұмыс барысында әріптестерінің сөзін бөлуге немесе олардың пікіріне араласуға болмайды.

«Депутаттар Құрылтайдың, оның жұмыс және кеңесші органдарының отырыстарында сөз сөйлеу мүмкіндігін өз өкілеттігіне қатысы жоқ жеке үндеулер үшін пайдаланбауы тиіс», – деп жазылған құжаттың 55 бабында.

Жаңа ережеге сәйкес депутаттар мемлекеттік құпияны сақтауға және жабық есік жағдайында талқыланған мәселелерді жарияламауға міндетті. Бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бергенде немесе митингілерде тек тексерілген деректерді айтуы қажет.

«Сын айтқан кезде жалған немесе тексерілмеген фактілерді қасақана не абайсызда қолданған жағдайда депутат мүддесі мен намысына нұқсан келген ұйымдардан, органдардан және тұлғалардан көпшілік алдында кешірім сұрауға міндетті», – делінген әдеп қағидаларында.

Бұдан бөлек депутаттық бланкілерді тек ресми сауалдар үшін қолданып, оған өз қолымен қол қоюы керек. Ал шетелге сапар шеккен кезде арнайы өкілеттігі болмаса, шетелдік билік өкілдерімен бүкіл Құрылтайдың емес, тек өз атынан ғана сөйлесе алады және басқа елдің заңы мен салт-дәстүрін құрметтеуге міндетті.

Әдеп ережесін бұзғандарға ескерту жасаудан бастап залдан қуып шығуға дейінгі жазалар қарастырылған. Тәртіпті қаржылық тұрғыдан да күшейтеді, дәлелді себепсіз жұмыстан қалғандардың жалақысы ұсталып, бір айдан аса уақыт жұмыста болмағандар жеңілдіктерден, қызметтік көліктен және жол жүру ақысынан қағылады.

Войдите, чтобы оставить комментарий