«Еңбек еткісі келгенге жұмыс табылады»: Қазақстанға жыл сайын 300 мың шетелдік маман келеді
Қазақстанда бос жұмыс орындарының 30-40% толтырылмай қалатындықтан, жұмыс берушілер жыл сайын 300 мыңға жуық шетел азаматын жұмысқа тартуға мәжбүр, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осы мәселеге ерекше назар аударды. Ол халыққа жұмыс орындарының қолжетімділігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
«Біз жұмысты тоқтатпау үшін шетелден мыңдаған маман тартуға мәжбүрміз. Мұны халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Қоғамда елімізде жұмыс жоқ деген түсінік қалыптаспауы керек. Еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады», — деді Олжас Бектенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев нақты статистиканы келтірді. Оның мәліметінше жыл басынан бері Электронды еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орны жарияланған. Оның 432 мыңы тікелей жұмысшы мамандықтарына тиесілі болып отыр.
Қазіргі уақытта азаматтардың 60-70% осы цифрлық платформа арқылы жұмысқа орналасады. Алайда ұсынылған орындардың 30-40% үнемі бос қалады. Қолда бар кадрға деген қажеттіліктің орнын толтыру үшін жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартады. Нәтижесінде елімізге жыл сайын 300 мыңдай шетелдік жұмыс істеуге келеді.
Министр бұл бағытта арнайы шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
«Жалпы, бұл мәселе бойынша біз әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мансап орталықтарының жұмысы өзгеруде. Қазір қосымша цифрлық жүйені енгізіп жатырмыз», — деді Асқарбек Ертаев.
Соңғы жаңалықтар