Ескі iPhone 4 телефонына сұраныс 1000%-ға өсті
Compare and Recycle компаниясының зерттеуіне сәйкес, соңғы бір жылда Google іздеу жүйесінде «iPhone 4 сатып алу» сұранысы 979 пайызға артқан. Нарықтағы бұл көрсеткіш ескірген құрылғыға деген қызығушылықтың он есе өскенін көрсетеді, деп хабарлайды Politico.kz
Сарапшылар мұндай сұраныстың күрт артуын ностальгиялық көңіл-күймен байланыстырады. Қазіргі уақытта ескі камералардың эстетикасы қайта сәнге айналды. TikTok желісінде 350 мыңға жуық видео және Instagram-да 700 мыңға жуық жарияланым #digicam хэштегімен жарияланған.
Техникалық сипаттамалары бойынша iPhone 4 қазіргі заманғы флагмандармен бәсекелесе алмайды. Оның небәрі 5 МП камерасы, 5 еселік цифрлық зумы және 720p форматтағы видео жазу мүмкіндігі бар. Салыстырмалы түрде алсақ, соңғы iPhone 17 Pro моделі 48 МП үш камерамен, 40 еселік цифрлық зуммен және 4K форматымен жабдықталған.
Алайда классикалық модельдерді іздеушілер жоғары сапаға емес, ерекше визуалды стильге басымдық береді. Ескі фотосуреттердегі түйіршікті және өңделмеген көрініс қолданушылар үшін тартымды болып отыр. Көптеген пайдаланушылар қазіргі смартфондар кескінді тым қатты өңдеп, суреттің шынайылығын жоғалтады деп есептейді.
Мамандар ескі құрылғыны қолданудың қауіпті тұстары бар екенін ескертеді. iPhone 4 моделі 2016 жылдан бері ресми түрде «ескірген» санатқа енгізілген және оған техникалық қолдау көрсетілмейді. Қауіпсіздік жүйесінің соңғы жаңартуы 2014 жылы шыққан. Сондықтан гаджет кибершабуылдар мен зиянды бағдарламаларға қарсы дәрменсіз болуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар