«Ішім сондай күйеді, неге ертерек келмедің?»: Келіні Роза Бағланованың жалғыз өкініші туралы айтты
Қазақ сахнасының аңызға айналған бұлбұлы, Халық қаһарманы Роза Бағланованың келіні Марал Бағланова журналист Гүлбаршын Заироваға берген эксклюзивті сұқбатында аяулы анасы туралы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Жүрекжарды әңгіме барысында ол бүкіл ғұмырын өнерге арнаған біртуар әншінің өмірден өтер шағындағы ең үлкен әрі жалғыз өкініші қандай болғанын ашып айтты.
«Апамыздың келіні, оның ішінде жалғыз әрі абыройлы, беделді келіні болу — үлкен жауапкершілік. Ол кісі өмірден өткеннен кейін де артында қалған барлық мұрасына иелік етіп, оны халыққа насихаттау — екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан, Марал, осынау ауыр жүкті арқалап жүргендіктен, бұл — ең алдымен сенің аманатың. Менің көкейімде жүрген жеке сұрағым бар еді: Роза апамыздың жүрегінде бізге беймәлім бір аманат кетті ме екен, қалай ойлайсың? Өйткені сен ол кісінің қасында серік болып, өмірде болмаған өз қызындай жақын араластың ғой», — деп сұрады журналист.
Марал Бағланованың айтуынша, өнерді өмірім деп білген аңыз әншінің тұрмысы үнемі жол үстінде өткен. Ол кісінің шығармашылыққа жан-тәнімен берілгені сондай, үйінде бір-ақ апта аялдап, айлап іссапарлар мен гастрольдік сапарларға кетіп қалатынын тілге тиек етті.
«Жоқ, ондай ештеңе болған жоқ. Мама ауырған кезде, соңғы төрт-бес жыл уақытын негізінен үйде өткізді. Ал оған дейін үйде бір апта болса, бір-екі айлап іссапарларға кетіп қалатын. Гастрольдік сапарларымен, жұмыстарымен үнемі жолда жүретін. Бөлменің бір бұрышында жол чемоданы ешқашан жиналмай, дайын тұратын еді. Онда сахналық көйлектері мен жолға қажетті заттары жинаулы болатын, біз тек соларды уақытылы тазалап, ауыстырып қана отыратынбыз», — деді Марал Бағланова.
Сонымен қатар, ол өнер падишасы Роза Бағланованың өткен өмір жолына еш өкініші жоқ екенін, тағдырына үнемі шексіз ризашылықпен қарағанын жеткізді. Ұлы тұлғаның көңілін алаңдатып, іштей мазалаған жалғыз ғана дүние — артында қалған перзенттері мен немерелерінің болашағы, олардың ертеңгі күні еді.
«Ол кісі соңғы жылдары ауырып жүргенде: «Мен мағыналы, жақсы өмір сүрдім. Ештеңеге өкінбеймін. Әр күніме, әр жылыма разымын», — деп, Аллаға үнемі шүкіршілік етіп отыратын. Тіпті дастарқан басында отырғанда да осы сөзін жиі айтатын. Тек бір ғана нәрсеге ішім ашиды дейтін: «Мына балаларымның, немерелерімнің өсіп-жетілгенін, олардың үйленіп, отау құрғанын көре алмай кететін болдым-ау. Менің көзім кеткеннен кейін сендер қалай өмір сүресіңдер, нәпақаларыңды қалай табасыңдар?» — деп уайымдайтын. Бұл — әрине, әрбір ананың өз бала-шағасына деген қимастық сезімі ғой. Тек осы нәрсе ғана көңіліне алаң ұялататын. Оның үстіне, кенже ұлы Тәжен де дүниеге сәл кештеу келді ғой», — деп естелігін бөлісті Марал Бағланова.
Мұнымен қоса, Марал Бағланова халық әртісінің ертерек келінді болуды қалағанын жасырмады.
«Маманың жалғыз уайымы сол ғана еді. Көбінесе осы немерелерінің бой түзеп өсіп, азамат болғанын көруді армандайтын. Бірде екеуміз оңаша әңгімелесіп отырғанда, маған қарап: «Ішім сондай күйеді, маған неге сен ертерек келін болып түспедің?» — деп налығаны бар еді», — деді Марал Бағланова.
Соңғы жаңалықтар