Карантинде той жасап ел есінде қалған шенеунік вице-министр атанды

16.06.2026 12:02 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Карантинде той жасап ел есінде қалған шенеунік вице-министр атанды
278
Фото: t.me/kozachkow

Су ресурстары және ирригация министрлігіне жаңа вице-министр болып Жандос Сәлімов тағайындалды. Бұл ақпарат алдымен телеграм-арналарда тарап, кейін ресми түрде расталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жандос Сәлімов қоғамда коронавирус індеті өршіп тұрған шақта жасаған тойымен танымал. Ол 2018 және 2020 жылдар аралығында Маңғыстау облысында қызмет еткен кезде карантин талаптарына қарамастан мерейтой өткізген болатын. Бұл жағдай сол кезде халық арасында кеңінен талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, сол кезеңде Қазақстан аумағында жаппай іс-шаралар ұйымдастыруға қатаң тыйым салынған еді. Шенеуніктер азаматтардан арақашықтық сақтап, адам көп жиналатын орындарға бармауды сұрады. Елде той мен жиындарды өткізуге мүлдем рұқсат берілмеген болатын.

Жаңа вице-министр 1980 жылы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында дүниеге келген. Ол 2007 жылы Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын құқықтану мамандығы бойынша тамамдаған. Ал 2012 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде құрылыс саласы бойынша білім алды.

Еңбек жолын 2000 жылы құрылыс шебері болып бастаған ол кейін түрлі мемлекеттік қызметтерде істеді. Орал қалалық сәулет және құрылыс бөлімінде бас маманнан бастап басшының орынбасарына дейін көтерілді. Одан кейін Батыс Қазақстан облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында бөлім басшысы және орынбасар қызметтерін атқарды.

Сәлімов 2014 жылдан 2018 жылға дейін бірнеше ірі мекемеде жұмыс істеді. Ол ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік сараптама кәсіпорнында және Самұрық-Қазына қорына қарасты жылжымайтын мүлік мекемесінде еңбек етті. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту орталығында және инвестициялар министрлігінде басшылық қызметтерді атқарды.

Ол 2018 жылдың қарашасында Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды. Ал 2020 жылдың қаңтарынан бастап Орал қаласында тұрғын үй инспекциясын басқарды. Бұған қоса Маңғыстау облысында табиғи монополияларды реттеу департаментіне жетекшілік етті.

Министрлікке ауысқанға дейін ол елордада қызмет етті. Жандос Сәлімов Астана қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы қызметін атқарып келген.

Войдите, чтобы оставить комментарий