Күйеуін пышақтап өлтірген 4 баланың анасы ақталды: марқұмның туыстары ашулы

12.08.2026 12:08 Әсел МҰРАТ
Күйеуін пышақтап өлтірген 4 баланың анасы ақталды: марқұмның туыстары ашулы
176
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Алматы облысында өз күйеуін өлтірді деп айыпталған төрт баланың жүкті анасы алқабилердің қатысуымен өткен сотта ақталып шықты. Қайтыс болған ер адамның туыстары сот шешімімен келіспейді және үкімге шағым түсірмек, деп хабарлайды Politico.kz.

2026 жылы 1 мамырда Алматы облысындағы отбасылардың бірінде жанжал болып, соның салдарынан ер адам көз жұмған. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жанжал кезінде оның әйелі күйеуінің жүрек тұсына ас үй пышағымен соққы жасаған. Ер адам алған жарақатынан көз жұмған.

Әйелге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айып тағылған. Сот процесі кезінде ол жүкті болған әрі төрт баланы тәрбиелеп отырған.

Сот отырысы алқабилердің қатысуымен өтті. Істі қарау нәтижесінде алқабилер алқасы сотталушыны өзіне тағылған қылмысты жасағаны үшін кінәсіз деп таныды. Нәтижесінде сот әйелді ақтау туралы шешім шығарды.

Сонымен қатар жәбірленуші тараптың моральдық және материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабы да қанағаттандырылмады.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, әйел бұған дейін күйеуінің тарапынан бірнеше рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

Қайтыс болған адамның туыстары ақтау үкімімен келіспейді.

Сот отырысынан кейін марқұмның әпкесі видеоүндеу жасап, сот шешімімен келіспейтінін білдірді.

«Оны өз әйелі пышақпен жүрек тұсынан ұрып өлтірді. Оны қалай ақтап шығарған? Сот алқабилердің қатысуымен өтті», – деді ол.

Әйелдің айтуынша, отбасы мүшелері айыпталушының не себепті ақталғанын түсінбейді. Ол сондай-ақ сот шешімінің артында сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін деген болжам айтты. Алайда видеоүндеу барысында бұл пікірін растайтын нақты дәлел келтірмеді.

Марқұмның әпкесі сот үкіміне заңда көзделген барлық инстанцияларда шағымдануға ниетті екенін жеткізді.

«Біз барлық инстанцияға жүгінеміз. Қажет болса, соңына дейін барамыз және айтылуы тиіс нәрсенің бәрін айтамыз», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий