«Өлімші етіп сабап, жүксалғышқа салып әкеткен»: Таразда ер адамның өліміне қатысты тың дерек шықты
Таразда ер адамды ұрып-соғып, өлімге душар еткен. Бұл туралы марқұмның әпкесі әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Айтуынша, оның ағасы Думан ауруханада жұмыс істеген.
Бір күні оның пациенттерінің бірінің бұрынғы күйеуі ер адамға қайта-қайта қоңырау шалып, балағаттап, соңында кездесуге шақырған.
Әпкесінің айтуынша, кездесуге барған кезде үш жігіт ағасының басынан ұрып, көліктің жүксалғышына салып кеткен. Кейін оны Аса өзенінің маңына апарып, аяусыз ұрып-соққан. Артынша ер адамды өзінің көлігіне отырғызып, ауруханаға жеткізген. Олар оны көшеден тауып алғандарын айтқан. Өкінішке қарай ер адам есін жимастан көз жұмған.
Әпкесінің сөзінше, полиция бастапқыда үш жігітті ұстаған, алайда кейін олардың екеуі босатылған. Сондай-ақ басты күдікті бұрынғы әйеліне, яғни Думанның емделушісіне бірнеше рет қол көтергенін айтты.
Туыстары Думан мен әлгі әйелдің арасында жұмыстан тыс ешқандай қарым-қатынас болмағанын жеткізді. Айтуынша, телефондағы хат алмасулар да осыны растайды.
Марқұмның артында екі кішкентай қызы қалды. Думан екі күннен кейін 30 жасқа толар еді. Туыстары қылмысқа қатысы бар барлық адамды жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Осы оқиғаға қатысты Жамбыл облысының полиция депратментінре ресми сауал жолдадық.
Полиция тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады
«Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің «адам ұрлау» және «жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекет» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаға өзге тұлғалардың қатыстылығы анықталуда. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толыққанды, объективті анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жалғасуда», - делінген полицияның редакция сауалына берген жауабында.
Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.
Соңғы жаңалықтар