Өмір сүруге қолайлы елдер тізімінде Қазақстан көршілерін басып озды

06.08.2026 13:33 Қарақат АСЫЛОВА
Өмір сүруге қолайлы елдер тізімінде Қазақстан көршілерін басып озды
91
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Әлемнің 192 мемлекеті қатысқан биылғы жаһандық релокация индексінде Қазақстан барлық ТМД елдерін артта қалдырып, көшіп келуге ең қолайлы мемлекет ретінде танылды, деп хабарлайды Politico.kz порталы POVestka телеграм арнасына сілтемемен.

Rumavi компаниясы ұсынған 2026 жылғы рейтингте елдер қаржы жағдайы, өмір сапасы, қауіпсіздік пен бейімделу жеңілдігі сияқты төрт негізгі бағыттағы 24 көрсеткіш бойынша бағаланған. Осы сыннан сүрінбей өткен Қазақстан 100 мүмкін ұпайдың 62,9-ын жинап, әлемдік тізімде 77-орынға тұрақтады. Сарапшылардың пікірінше бұл нәтиже елімізді цифрлық көшпенділер үшін өте тартымды бағытқа айналдырып отыр.

Зерттеу барысында мемлекетіміздің ең мықты тұстары ретінде қаржылық қызметтердің жоғары деңгейі атап өтіліп, бұл сала 79 ұпаймен бағаланған. Оған қоса әлемдік стандарттармен салыстырғанда баспана бағасының қолжетімділігі мен коммуналдық қызметтердің арзандығы айтарлықтай артықшылық берген. Ал өмір сапасы, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және тұрақтылық сияқты көрсеткіштер бойынша орташа есеппен 60 ұпайдан жинаған.

Посткеңестік кеңістіктегі жағдайға келетін болсақ, Қазақстан аймақтағы ең жоғары көрсеткішке ие болып, көршілерінен айтарлықтай үзіліспен алда келеді. Тізімде одан кейінгі орындарға 62,2 ұпаймен Армения және 61,5 ұпаймен Әзербайжан жайғасқан. Орталық Азиядағы көршілеріміз Өзбекстан 110-орынға, Қырғызстан 118-орынға тұрақтаса, 58,9 ұпай жинаған Ресей 121-орынды місе тұтқан. Тізімнің одан төменгі сатыларында Беларусь пен Тәжікстан орналасса, ТМД елдерінің ішіндегі ең төменгі нәтижені небәрі 52,3 ұпай жинап, 155-орынға табан тіреген Түрікменстан көрсеткен.

Войдите, чтобы оставить комментарий