Қазақстандық әйел төрт жігіт зорлағаннан кейін дүниеге келген қызын іздеп жүр

02.06.2026 17:42 Әсел МҰРАТ
Қазақстандық әйел төрт жігіт зорлағаннан кейін дүниеге келген қызын іздеп жүр
732
Фото: видеодан скрин

Қазақстандық Наташа Қалымбетова 30 жылдан астам уақыт бұрын зорлықтың құрбаны болып, дүниеге келген қызын іздеп жүр, деп хабарлайды Politico.kz. 

Әйелдің айтуынша, оның жалғыз арманы – қызының аман-есен, дені сау екенін білу.

Бұл оқиға туралы «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен баспасөз мәслихатында Наташаның өзі толық айтып берді.   

1994 жылдың қараша айында Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде 17 жастағы Наташа Қалымбетова сыныптастарымен бірге ұйымдастырылған кешке қатысқан. Үйіне қайтып бара жатқан жолда оны төрт жігіт күштеп ұстап алып, соққыға жыққан.

Наташа есін Жайық өзенінің жағасында бір-ақ жинаған. Оның айтуынша, әлгі жігіттер түні бойы өзін аяусыз ұрып-соғып, зорлаған. Кейін олардың бірі тағы да зорлық көрсетіп, соққыға жығып, оны өлімге қиып тастап кеткен.

Біраз уақыт өткен соң бойжеткен өзінің жүкті екенін біледі. Бұл жайында анасы естігенде, болған оқиғаны ешкімге айтпауын талап еткен.

Мектеп бітіргеннен кейін Наташа Орал қаласына көшіп барып, педагогикалық колледжге оқуға түседі. Оқу барысында жүктілігі анық байқала бастаған. 1995 жылы 30 желтоқсанда ол қыз баланы дүниеге әкеліп, оған Анжелика деген есім береді.

Қызын дүниеге әкелгеннен кейін ол баладан бас тарту туралы құжатқа қол қоюға мәжбүр болған. Алайда перзентханада жатқан күндері сәбиіне қатты бауыр басып қалады. Өкінішке қарай, шешім өзгертуге кеш болған.

«Қызым туғаннан кейін тоғыз күн өткенде дәрігерлер менің одан бас тартқым келмейтінін түсінді. Олар мені жұбатып, баламды ешкім бірден алып кетпейтінін айтты. Бірақ ол кезде менің баспанам да, тұрақты жұмысым да, отбасым да, аяқталған білімім де жоқ болатын. Сондықтан қызымды өз қамқорлығыма ала алмадым. Дәрігерлер «Оқуыңды аяқтап, тұрмысқа шығып, жағдайыңды түзеген соң кел. Балаң Оралда болады»деген еді», – дейді ол.

Сол жылдары Наташа жатақханада үш қызбен бірге тұрған. Алайда басынан өткен қайғылы жағдайдан кейін олар онымен араласуды доғарған.

Соған қарамастан, жас ана қызын қайтарып алудың амалдарын іздеуді тоқтатпаған. Ол ағасы мен жеңгесінен сәбиді уақытша қамқорлықтарына алуды өтінгені, алайда олар келіспеген. Біраз уақыт бойы Наташа қызын сәбилер үйіне барып көріп жүрген. Алайда көп ұзамай қыз бала асырап алынып, анасы мен қызының арасындағы байланыс біржола үзілген.

«Ағам мен жеңгемнің толық қолдау көрсете қоймайтынын іштей түсіндім. Бірақ ең болмаса маған көмектесіп, уақытша баспана тауып берер деп үміттендім. Өкінішке қарай, олай болмады», – дейді әйел.

Бүгінде арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де, Наташа қызын іздеуді жалғастырып келеді.

«Мен оның тірі екенін, дені сау екенін, өмірі жақсы өтіп жатқанын білгім келеді. Бар тілегім – жүрегімдегі ауыр жүктен арылу. Егер қызыма бірдеңе болған болса, өзімді ешқашан кешіре алмаймын», – дейді ол.

Жуырда іздеу барысында Наташа қызының АҚШ азаматтарының отбасына асырауға берілгенін білген. Қазір ол Америкада тұруы мүмкін. Қызының қазіргі аты-жөні – Анджелика Николь Боуг.

Наташа қоғамдық резонанс қызына жол табуға көмектеседі деп сенеді.

Айта кетейік, Анжеликадан кейін шамамен он жыл өткен соң Наташаның тағы бір ұлы дүниеге келген. Бүгінде ересек азамат атанған ұлы – анасына қолдау білдіріп жүрген отбасының жалғыз мүшесі.

Сонымен қатар Наташа 1995 жылы өзіне қатысты жасалған зорлау дерегі бойынша полицияға арыз түсірген. Оның айтуынша, ол ұзақ жылдар бойы бұл қайғылы оқиғаны ұмытуға тырысқанымен, бастан кешкен зорлық оның өміріне ауыр психологиялық жара салған.

«Мені дұрыс түсініңіздер. Менің жан дүнием қатты жараланған. Маған жасалған қылмысты кешіру мүмкін емес. Ең басты мақсатым – қызымды табу. Ал одан кейін маған бұл қасіретті жасаған адамдардың заң алдында жауап бергенін қалаймын», – дейді Наташа.

Ол ондаған жылдан кейін шындықты айтуға шешім қабылдаған соң, кейбір туыстары мен таныстары келіншекті айыптай бастағанын жасырмайды. Соған қарамастан, әйел қоғамның түсіністігі мен қолдауына үміт артады.

Войдите, чтобы оставить комментарий