«Қазақтың құндылықтарына тіл тигізді»: Бас мүфти өздеріне «ұстаз» деп ат қойып алған уағызшылар туралы айтты

«Қазақтың құндылықтарына тіл тигізді»: Бас мүфти өздеріне «ұстаз» деп ат қойып алған уағызшылар туралы айтты
17.09.2025 12:23
0
175
Скриншот Jibek Joly podcast

Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай Тағанұлы Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында, қазақтың құндылықтарына тіл тигізіп жүрген ұстаздар туралы айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

«Бір адамның қате сөзі талай адаммның адасуына себеп болуы мүмкін. Өкінішке орай кейде мүфтиятқа қарасты адамдар, кейде мүфтиятқа қарасты емес адамдар да уағыз айтады. Дегенмен біз олардан басымызды алып қашпаймыз. Бізге қатысты азаматтарға хабарласып, түсіндіріп, қатесін ұғындыруға тырысамыз. Уағызшылар қалай уағыз айтады? Біздің елде адам діни оқуды бітіреді, одан кейін діни салаға жұмысқа келеді. Діни салада жұмыс істеп жүріп қате жіберетіндер де аз емес.  Біз «Білмейтін тақырыпқа кірмеңіздер» деп қатаң ескерту жасап отырамыз. Діни тақырыпта ашық айтуға болатын сөздер болады, жекеленген жерлерде айтылатын сөздер болады. Оларды ескеру керек. Дінді насихаттауды көркем түрде жүзеге асырған абзал. Өкінішке орай кейбір уағызшының, ұстаздың, имамның тәжірибесінің жоқтығынан осындай қате пікірлер айтылып жатады», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти қазақ халқы жолынан жаңылмағанын, ал рухани жетекшілер әрдайым сенім мен ізгілікке сүйенгенін атап өтті.

«Кейде танымал болуың өзі адамды дертке шалдықтырады. Қазір ұстаздар оқырман санына қарап өздерін дәріптеп кетіп жатады. Халық бізден жоғары, біз халықтың қызметшісіміз. Мен үнемі ескертіп отырамын. Халыққа қызмет ету үшін адам қарапайым болуы керек. Сондықтан кез келген уағызшы, имам, ұстаз, уағызын негізге сүйеніп айту қажет. Қазақтың құндылықтарына тіл тигізгендер де болды. Оларды шақырып, ескерту жасадым. Қазақ жыраулары, ақындары адаспаған. Әрине, әрқайсысының өз ерекшеліктері болған, бірақ жалпы алғанда домбыра, поэзия және ақындардың шығармашылығы әрдайым дінді, ізгілікті және халық өмірін жырлаған», – деді Бас мүфти.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий