"Ресей Байқоңырдан кетпейді": Вице-министр Ресеймен серіктестіктің жалғасатынын айтты

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенінің іске қосылуына қатысты Ulysmedia тілшісіне пікір білдірді. Оның айтуынша, Ресей Байқоңырдан кетпейді, керісінше, екі ел арасындағы серіктестік жалғасып жатыр.
– Ресей тарапының Байқоңырдан кетуі туралы мәселе мүлде көтерілген жоқ. Қазір біздің Ресеймен екі бірлескен жобамыз бар: бірі Бәйтерек, екіншісі Байқоңыр. Бұл екеуі бөлек келісімдерге негізделген. Бәйтерек жобасы аясында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қандай да бір тоқтап қалу немесе бас тарту туралы сөз жоқ, – деді вице-министр.
Министрліктің мәліметінше, зымыран ұшыру кешенінің алғашқы іске қосылуы 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Бұл жобаның ел экономикасына едәуір пайда әкелетініне сенімді.
– Бұрын Қазақстан аумағынан жылына екі ғана зымыран ұшырылса, енді бұл көрсеткішті төртке дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Әрине, бұл экономикалық тұрғыдан тиімді. Нақты сандарды айтпасам да, өзге елдің зымыранымен ғарышкер ұшырудың шығыны өте жоғары. Ал өзіміздің кешен арқылы біз тек өз азаматтарымызды ғана емес, зымырансыз мемлекеттер үшін де қызмет көрсетіп, табыс таба аламыз, – деп түсіндірді Мун.
Соңғы жаңалықтар





