Шетелден әкелінген телефондарды верификациялауда жаппай мәселе туындағаны расталмады

25.02.2026 13:10 Әсел Мұрат
Шетелден әкелінген телефондарды верификациялауда жаппай мәселе туындағаны расталмады
44
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда мобильді құрылғыларды IMEI-код арқылы верификациялау бірыңғай, ашық және бекітілген регламентке сәйкес жүзеге асырылады, деп хабарлайды Politico.kz arasha.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл рәсімнің негізгі мақсаты – мобильді құрылғылардың заңды айналымын қамтамасыз ету, «сұр» импорттың алдын алу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Телефон немесе басқа мобильді құрылғының қай елде өндірілгені IMEI тіркеуден бас тартуға себеп болмайды. Басты талап – құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінуі және оны растайтын тиісті құжаттардың болуы.

Егер құрылғы ресми түрде импортталып, кедендік рәсімдеуден өтіп, барлық міндетті төлемдер төленсе, ол IMEI верификациядан еш кедергісіз өтеді.

Іс жүзінде IMEI тіркеу кезінде туындайтын қиындықтардың басым бөлігі «сұр» импортқа байланысты.

Кедендік рәсімдеусіз әкелінген, салықтар мен міндетті төлемдер төленбеген, заңды импортты растайтын құжаттары жоқ мобильді құрылғылар «сұр» импорт деп танылады.

Мұндай жағдайда ақпараттық жүйе құрылғының заңды айналымда екенін растауға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан IMEI тіркеуге өтінім қабылданбайды.

Жеке тұлғалар (қарапайым азаматтар) үшін IMEI верификация рәсімі толықтай тегін.

Әлеуметтік желілерде айтылып жүрген 2 АЕК көлеміндегі төлем қарапайым пайдаланушыларға қатысты емес. Бұл талап тек мпорттаушыларға, ресми дистрибьюторларға қатысты.

Олар верификация қызметін алу үшін коммерциялық келісімшарт жасайды. Қызмет құны – әр құрылғыға 1 АЕК.

Төлемнің жасалуы құрылғының автоматты түрде тіркелетінін білдірмейді. Негізгі шарт – заңды импорт, кедендік рәсімдеу және салықтардың төленуі.

Осылайша, IMEI верификация – барлық телефондарды ақылы тіркеу емес, нарықты заңсыз құрылғылардан қорғау тетігі.

IMEI тіркеуден қандай жағдайда бас тартылады?

Негізгі себептер: заңды импортты растайтын құжаттардың болмауы, «сұр» импорт, IMEI нөміріндегі қателер, құрылғы бренді немесе моделі дұрыс көрсетілмеуі, IMEI санының сәйкес келмеуі.

Жаңа құрылғыны верификациялау

Жаңадан әкелінген телефон үшін стандартты рәсім қолданылады. Егер IMEI бұрын тіркелмеген болса, заңды сатып алу мен импортты растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.

2025 жылдың 25 маусымына дейін желіде белсендірілген құрылғылар бойынша кейбір қолданушыларға SMS-хабарламалар келуі мүмкін.
Бұл көбіне SIM-картаны ауыстырғанда; eSIM қосқанда болады.

Көп жағдайда мұндай телефондардың бірінші IMEI-коды бұрыннан расталған болады. Жүйе тек екінші IMEI-ді сол құрылғыға байланыстыруды ұсынады.

Екінші IMEI-ді растау үшін жеңілдетілген және тегін тәртіп қарастырылған.

Негізгі шарттар:

  • құрылғы бірінші IMEI бойынша бұрын тіркелген болуы тиіс;
  • екі IMEI бір ЖСН-ге рәсімделуі қажет.

Егер бірінші IMEI бұрын тіркелмеген болса, жеңілдетілген тәртіп қолданылмайды және стандартты рәсім жүргізіледі.

SIM-картаны ауыстырғаннан немесе eSIM қосқаннан кейін келген SMS телефонның бұғатталғанын білдірмейді. Бұл тек екінші IMEI-ді растау қажеттілігі туралы хабарлама.

«ATS Mediafon KZ» ЖШС арқылы IMEI верификациялау тәртібі

Қазақстанда мобильді құрылғыларды верификациялау kz-imei.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы бекітілген регламентке сәйкес жүзеге асырылады.

Портал тұрақты режимде жұмыс істейді. Өтінімдердің қабылданбауы көбіне техникалық ақауларға емес, деректердің дұрыс енгізілмеуіне байланысты.

Ең жиі кездесетін себептер: IMEI нөмірінде қате жіберілуі; бренд немесе модельдің дұрыс көрсетілмеуі; IMEI санының сәйкес келмеуі; құжаттардың толық ұсынылмауы.

Пайдаланушылар үшін техникалық қолдау қызметі, тегін call-орталық жұмыс істейді. Азаматтар мен кәсіпкерлер кеңес алып, өтінімді қайта дұрыс рәсімдей алады.

Телефон бұғатталмас үшін не істеу керек?

Мобильді құрылғы сатып алар алдында міндетті түрде тексеріңіз:

  • *#06# пәрменін теріп, IMEI нөмірін тексеру
  •  Қораптағы IMEI мен құрылғы баптауларындағы IMEI-ді салыстыру
  • Құрылғының мәртебесін eGov Mobile, imei.rfs.gov.kz, kz-imei.kz арқылы тексеру.

Егер телефон ресми сатушыдан сатып алынып, заңды түрде импортталған болса, IMEI верификацияда еш қиындық туындамайды.

Ал бейресми сатушылардан алынған құрылғылар бойынша тәуекел сатып алушының өзіне жүктеледі. Сондықтан қауіпсіздік мақсатында мобильді құрылғыларды тек ресми сауда нүктелерінен сатып алған жөн.


 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий