Тараздағы НДФЗ зауытының жұмысшылары жаппай наразылыққа шықты

11.06.2026 15:39 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тараздағы НДФЗ зауытының жұмысшылары жаппай наразылыққа шықты
80
Фото: Бейнеден алынған скрин

Тараздағы Жаңа Жамбыл фосфор зауытының ("НДФЗ" ЖШС) жұмысшылары қатаң бақылау мен төмен жалақыға, сондай-ақ жұмыс уақытында итпен келген полицияның тексерісіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан ұжым мен зауыт әкімшілігі арасындағы дауды байқауға болады. Қызметкерлердің айтуынша, соңғы кездері кәсіпорында қауіпсіздік қызметінің тексерісі тым жиілеп кеткен және олар жұмысшылардың жеке заттары мен тоңазытқыштарына дейін ақтарып қарайтын болған. Төзімді тауысқан соңғы жағдай 9 маусымда тіркелді.

Бұл күні ауысым кезінде цехтар мен өндіріс алаңдарына қызметтік иттерін жетектеген полицейлер кіріп келіп, тінту жүргізген. Дәл осы оқиға жұмысшылардың шыдамын шегіне жеткізіп, басшылыққа ашық түрде шағым айтуға мәжбүр етті.

Өз кезегінде кәсіпорын әкімшілігі жұмысшылардың бұл жиыны заңсыз өткенін және ол туралы басшылыққа немесе мемлекеттік органдарға ешқандай ескерту жасалмағанын мәлімдеді. Ал құқық қорғаушылардың итпен келуі есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған «Қара сора» жедел іс-шарасы аясында жүзеге асқан.

«Наразылыққа шығуға ешқандай объективті негіз болған жоқ, дегенмен біз жұмысшылардың мәселелерін заң аясында талқылап, диалог құруға толықтай дайынбыз», – деді кәсіпорын басшылығы.

Жұмысшылардың шағымына қарамастан, қазіргі уақытта зауыт өз жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий