Тоқаев әскердегі темірдей тәртіпті талап етті
Тоқаев Қорғаныс министріне армиядағы тәртіпті күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz
Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады. Кездесуде қорғаныс министрлігінің 2025 жылы атқарған қызметінің есебі тыңдалды.
Министр Жоғарғы Бас қолбасшыға армияның қазіргі жауынгерлік әзірлігі мен Қарулы күштерді дамытудың негізгі басымдықтары жөнінде мәлімет берді. Дәурен Қосанов саладағы цифрлық технологияларды енгізу барысын және қорғаныс инфрақұрылымын жетілдіру шараларын баяндады. Сондай-ақ жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарының жай-күйі сөз болды.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы Президенттің Қарулы күштер сапында тәртіп орнату жөніндегі бұған дейінгі тапсырмаларының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев министрге бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысы армияның жауынгерлік әзірлік деңгейін одан әрі арттыруды, сондай-ақ әскердегі әскери және құқықтық тәртіпті қатаң күшейтуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтар