Тоқаевтың қолтаңбасы бар сағат сатылымға шықты

21.08.2026 13:00 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаевтың қолтаңбасы бар сағат сатылымға шықты
163
Фото: threads.com/by_annakond

Итбегі Анна Захарова Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлаған қол сағатын 2,9 млн теңгеге жуық бағаға сатылымға шығарды. Бұл туралы онымен тілдескен Digital Business басылымы хабарлайды, деп жазады Politico.kz.

2023 жылы Наурыз мерекесінде тазы өсірумен айналысатын бойжеткен Мемлекет басшысына 1,5 айлық күшік сыйлаған. Оған жауап ретінде Президент өз қолтаңбасы бар сағатты жеке өзі табыстаған. Қазіргі уақытта сатылымдағы баға 2 899 000 теңгені құрайды.

Алайда бұл сағаттың нарықтағы құны әлдеқайда арзан. Ашық дереккөздерге сүйенсек бұл Empire компаниясының Aitumar брендіне тиесілі модель. Ол Республика күніне орай небәрі 150 данамен шыққан лимиттік топтамаға жатады. Сағатқа жапондық Citizen 9T13 механизмі орнатылған. Корпусы алтынмен қапталған баспайтын болаттан жасалып, бетіне сапфир шыны қойылған. Ал бауы таза былғарыдан тігілген. Сертификатында Жапония деп көрсетілген.

Empire каталогында мұндай модельдердің бағасы 30 мыңнан 580 мың теңгеге дейін барады. Ал дәл осы Aitumar сағатының құны шамамен 180 мың теңге тұрады. Яғни сатушы сұрап отырған 2,9 млн теңге оның қарапайым аксессуар ретіндегі бағасы емес.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған сағатымды сатамын. Мен үшін бұл естелік әрі статустық зат. Бірақ мен оны тақпаймын. Сондықтан оны шынымен бағалайтын адамға беруді жөн көрдім. Барлық қажетті құжаты бар. Ақылға қонымды саудаласуға болады. Кез келген елге поштамен жіберемін. Мұндай сағаттың коллекциялық қана емес, инвестициялық перспективасы да бар деп санаймын. Тарихи оқиғалармен және мемлекет қайраткерлерімен байланысты заттар уақыт өте келе құнды бола түседі. Сондықтан 10 жылдан кейін бұл сағаттың құны қазіргі бағадан бірнеше есе асып, 30 млн теңгеге дейін жетуі әбден мүмкін», – деп жазды бойжеткен әлеуметтік желіде.

View on Threads

Анна сағатты алған сәттің видеосы жоқ екенін айтты.

«Өкінішке қарай табыстау сәті түсірілмеген. Бірақ интернетте бұл шарадан түсірілген видеолар жетерлік. Мен Президентке күшік сыйладым. Қазақтарда тегін алу дәстүрі жоқ болғандықтан, маған сағатты қарымта сый ретінде берді. Бұл журналистер кеткеннен кейін болды. Ал іс-шараға телефон алып кіруге тыйым салынған еді», – деді ол.

Захарованың сөзінше сыйлықты оған көмекшілері емес Тоқаевтың өзі берген. Ол бағаны қояр кезде сағаттың бірегейлігіне назар аударғанын жеткізді.

«Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйенсек, мұндай сағат тарихта алғаш рет пайда болды. Осыған сүйендім. Сағатта Президенттің өз қолтаңбасы бар», – деді сатушы.

@ptrkkz Асыл тұқымды тазы өсіруші Анна Захарова Президентке тазының күшігін сыйға тартты Күшіктің аты – Наурыз, 1,5 айлық. #тазы #наурыз #тркпрезидента ♬ оригинальный звук - ТРК ПРЕЗИДЕНТА

Оның айтуынша бірнеше адам хабарласып қызығушылық танытқан. Бірақ сауда әлі жасалмаған. Бастапқыда ол бұл затты сатуды мүлде жоспарламаған.

«Негізі сату ойымда болған жоқ. Өйткені қазіргі Президент қызметінен кеткеннен кейін бұл сағаттың бағасы қазіргі сомадан асып түсетіні анық. Мысалы коллекционерлер Назарбаевқа қатысты заттардың бәрін сатып алды ғой. Мен қарапайым адаммын, коллекционер емеспін. Мен үшін бұл жай ғана сағат. Оны тақпаймын және тақпайтын да шығармын», – деді Анна.

Оның айтуынша сыйлық мінсіз күйде сақталған. Онда ешқандай сызық немесе шаң жоқ. Бұл хабарландыру жарияланғанына 1 жылдай уақыт болған. Ол сыйлықты алғаннан кейін көп ұзамай босанып, сатумен айналысуға уақыты болмапты.

Анна Захарова расымен де тазы өсірумен айналысады. Оның ветеринарлық білімі де бар. Қазір ол Қарағандыдағы жетекші клиникалардың бірінде жалпы тәжірибедегі ветеринар-терапевт болып жұмыс істейді. Ит өсіру ол үшін көбіне хобби және жан қалауы болып қала бермек.

«Иә, мен осы тұқымды өсірушімін, жасым 24-те. Бұл іспен 14 жасымнан бері өзім айналысып келемін. Бастапқыда 1 иттен бастадым. Қазір менде 3-еуі бар. Көрмелерге қатысамыз, иттерім бірнеше дүркін чемпион атанған», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий