Түркістанда тігілген ең үлкен сәукеле рекордтар кітабына енді

Түркістанда тігілген ең үлкен сәукеле Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді деп хабарлайды POLITICO.KZ Түркістан облысының әкімдігіне сілтеме жасап
Бірегей экспонат 30-дан астам түркі халықтарының ою-өрнектерімен безендірілген. Сәукеленің биіктігі 5 метрден асады, ал жабуы 600 метр. Сонымен қатар сәукеле халықаралық Global Book of Records рекордтар кітабына еніп, арнайы сертификат табысталды.
Тарихи сәтте Түркістанға Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов арнайы келіп, сәукеленің рекордтық мәртебесін ресми түрде жариялады. Ол әлемде мұндай үлкен бас киімді ешкім жасамағанын атап өтіп, жобаны Гиннестің үшінші әлемдік рекордтар кітабына енгізу үшін тіркеу басталғандығын айтты.
Жоба авторы Ақмарал Дауылбаеваның айтуынша, ұлттық бас киім — бұл киімнің элементі ғана емес, халық бірлігі мен рухани сабақтастықтың айнасы.
"Сәукелеміздің биіктігі көкпен таласып, шыңмен тіресіп тұрсын дедік. Сондықтан оны 5 метр 20 сантиметр етіп жасадық. Ал ою-өрнегін терең мағынамен көмкеруді жөн көріп, сәукеленің кейпінен Жер ананың бейнесін жасадық. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен Ана — өмірдің мәңгілігін, тіршіліктің түп-тамырын білдіреді. Сол себепті оюын өмір ағашы бейнесінде өрнектедік",- деді жоба авторы.
Соңғы жаңалықтар





