«Уағызды кім көрінген айтып жүр»: Депутат салафизм мен уахабизм қауіпті екенін айтты

08.04.2026 16:54 Әсел Мұрат
«Уағызды кім көрінген айтып жүр»: Депутат салафизм мен уахабизм қауіпті екенін айтты
483
Фото: ашық дереккөз

«Ақ жол» партиясының депутаты Қазыбек Иса еліміздің Бас прокуроры мен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасына депутаттық сауалын жолдап, еліміздегі радикалды діни ағымдардың күшеюіне алаңдаушылығын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазыбек Исаның сөзінше, қазіргі уақытта теріс ағымдар қатты күшейіп бара жатыр.

«Ұлтты ұйыстыратын, жұртты көркем мінезді имандылыққа шақыратын уағыздың орнына у ағызып, ұлтқа қарсы шығып  отырғандарды қалай ұстаз деуге болады? Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды? Оларға Қазақстан діни мұсылмандары басқармасы қандай шешім, қандай пәтуа шығарып отыр?
Тіпті, ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайтадан күшейіп келеді. Терісін ауыстырып алған теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз майданда мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін қазаққа қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр», – деді ол.

Депутат соңғы уақытта қоғамда резонанс тудырған бірнеше оқиғаны мысалға келтірді. Атап айтқанда, Наурыз мерекесіне қарсы шыққан әрекеттер мен жеке көзқарасына бола әйелін басқа адамға «сыйға тартқан» имам төңірегіндегі дау қоғамда үлкен наразылық туғызған. 

Сондай-ақ Ақтөбеде сотқа ниқабпен келген әйелдердің бет-жүзін жапқан күйде ғимаратқа кіргізілуі де заң талаптарының орындалуына қатысты сұрақ тудырды. 

«Оларды сол беттерін бүркеген күйі сот ғимаратына кіргізді. Ниқабпен отырып, сотталушының заңды өкілі болуға рұқсат етілді. Қоғамдық орында бетті бүркемелеген киім киюге тыйым салған заң қайда? Заң сақталуға тиіс сот ғимаратында қара жамылғандар қаптап жүрсе, басқа жерде басқа шықпағанда қайтеді?», – деді депутат.

Айтуынша, елдің берік ұстанымы болмағандықтан, ішкі тұтастық іріп, ұлттық ұстаным шіріп жатыр.

«Ұлттық ұғымға қарсы желіде желпініп отырғандардың тамырымызды жегіқұрттай жеп жатқанына құр көрермен болып отыра алмаймыз. Бәріміз де ертең қасіретін тартуымыз мүмкін. Сондықтан Ата заңымызға айқын жазылған мемлекеттің зайырлы болуын нақты іспен көрсетуіміз керек», – деді депутат.

Сонымен қатар депутат наурызды жоққа шығару мәселесін «ұлт пен мемлекетке ашық шабуыл» деп атады.

«Мемлекеттің негізін шайқалтуы мүмкін бұл қауіп-қатерге қарсы шұғыл түрде қатаң заңнамалық шара қабылдап, тосқауыл қою керек. Бір отбасының мүшелері әртүрлі, бір-біріне қарама-қайшы радикалды діни көзқарасты ұстанып, қайғылы жағдайларға ұшырап жатқанын көріп отырмыз. Осы дәлелдер бола тұра, тағы нені күтіп отырмыз? Олардың ықпалының салдарынан өз ұлтынан, дәстүрлі дінінен бас тартатын адамдар пайда болып жатыр. Олар рухани мұраны қадірлеген ата-бабасын надан деп, өз ата-анасын кәпір санайды. Алайда сол арқылы өз тамырын өздері қиып жатқанын түсінбейді», – деді депутат.

Қазыбек Иса Қазақстанда радикалды діни көзқарастардың, салафизм, уахабизм және түрлі секталар кеңінен тарап жатқанын айтты.

Депутаттың пікірінше, радикалды діни ағымдарға заң тұрғысынан тыйым салу керек.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий