«Ұлт үшін ауыр қасірет»: Қарақат Әбілдина жастар арасындағы ажырасу жайлы ой айтты

Әнші Қарақат Әбілдина қазақстандық отбасыларда жиілеп кеткен ажырасу мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Өнер иесі шаңырақ көтерген жас жұбайлардың көпшілігі тұрмыстық қиындықтарға шыдай алмай, бір-бірінен алшақтап жатқанын қынжыла жеткізді.
«Өмірдің талай сынағынан бірге өтіп, махаббатын сақтап келе жатқан жұптар бар. Олар өзгелерге үлгі. Бірақ жас отаулардың тағдырына жиі куә болып жүрміз: сүйіп қосылғанымен, бір жыл өтпей жатып айырылысып кетіп жатқандары аз емес. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алғашқы үш елдің қатарында. Бұл – ұлт үшін ауыр қасірет. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бекер айтылмаған. Махаббатты сақтау үшін сабыр, түсіністік, кешірім мен мейірім керек. Нағыз махаббат – жылдар бойы бір-бірін қолдап, өмірдің ыстығы мен суығына бірге төзе білген жандарда ғана бар. Қандай қиындық болса да, шын сүйген жүрек отбасын сақтап қалуға тырысады», – деп жазды әнші.
Соңғы жаңалықтар





